Ауыл халқының саны 12 пайызға өскен - Ұлттық халық санағы
19:28, 04 Ақпан 2010
АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Ұлттық халық санағының деректері бойынша, кейінгі он жыл ішінде ауылдағы халық саны 12 пайызға өскен.
Бүгін бұл туралы ҚР Статистика агенттігінде ұлттық халық санағының қорытындыларына арналған брифинг барысында Агенттік төрағасы Әлихан Смаилов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Халық санағы көрсеткеніндей, қала халқының саны - 8,6 (8639,1 мың) млн. адам болып отыр. Ал ауыл халқы - 7,3 млн. (7365,7 мың) құраған.
1999 жылғы санақ нәтижелерімен салыстырғанда, он жыл ішінде қаладағы халық 195,1 мыңға артып, 2,3 пайыздық өсім жасаған. Ауыл адамдары 827,8 мыңға толығып, ондағы халық саны 12,7 пайызға көбейген.
«Елдегі қала халқының үлесі 54 пайыз, ауыл халқы 46 пайызды құрады», деді Ә. Смаилов.
Еске сала кетейік, 1999 жылғы деректерде қала тұрғындарының үлес салмағы 56,4 пайызды құраса, ауылдағы халық 43,6 пайыз болды.