Ауыл кәсіпкерлері кепілге ұсынатын мүлік құны төмендеді: Халық министрге шағымданды

Фото: Фото: Атырау облысы ӨКҚ
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысының кәсіпкерлері Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен кездесуде ауылдағы кепілдік мүлік құнының төмендігіне шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Атырау облысының бірнеше нысанын аралап, облыс мәслихатының депутаттарымен, кәсіпкерлермен кездесті.

Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, инфрақұрылым жүргізу жобаларын қаржыландыру өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шарттарына сәйкес, инвестиция көлемі 200 млн теңгеден кем болмауы тиіс. Бұл шағын және орта бизнес субъектілері үшін қиындық тудырады.


Осыған байланысты кәсіпкерлер құны 50 млн теңгеге дейінгі жоба үшін жергілікті бюджеттен инфрақұрылым жүргізуді қаржыландыру тетігін құруды ұсынды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттаманың және техникалық-экономикалық негіздеменің шығыстарын өтеу тәртібін, шағын бизнес субъектілері үшін инфрақұрылымды жүргізудің арнайы тетігін енгізуді ұсынды.


«Біз бәріне емес, кейбір ұсыныстарға қолдау білдіре аламыз. Себебі, бұл бюджетке ауырлық түсіреді. Тікелей тәуекелдер түріндегі шығындар мен жұмыстардың белгілі бір бөлігін бизнес көтеруі керек. Біз бәсекеге қабілетті экономикаға көшуіміз қажет. Микробизнес үшін жергілікті бюджеттен арнайы тетіктер беру мәселесін қарастырамыз», -деді Әлібек Қуантыров.


Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктер ауылдық жерлердегі кепіл құнын төмен бағалайтынына шағымданып отыр. Ал жобалар баяу қаралады. Бұл ауылдардағы іскерлік белсенділіктің әлсіреуіне әкеп соқтырады. Сол себептен, кәсіпкерлер ұлттық жобаға маңызды өлшемшарттар белгіленген ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру жөніндегі бөлімді қосымша енгізуді қалайды.

«Шынында да, екінші деңгейлі банктер кепілді мүлік құнын нақты құнынан 30-дан 50% дейін төмендетеді. Аталған мәселемен уәкілетті орган айналысады. Биыл 2020-2025 жылдарға арналған бизнестің жол картасы шеңберінде қосымша кредиттеу мен субсидиялауға 260 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 млрд теңгеге көп. Ауылдарда жұмыс орындарын құру қажет. «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаларымен ауылдарды дамытуға жағдай жасау қажет», - деді министр.