«Ауыл» кеден бекетінде жалған зауыттық нөмірмен көлік ұсталды
18:14, 02 Сәуір 2012
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - «Ауыл» кеден бекеті арқылы ел аумағына 2004 жылы шығарылған «Honda Accord» маркалы көлік құралы жалған құжаттарды ұсыну арқылы әкелінгені анықталды.
Шығыс Қазақстан облыстық кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, арнайы сараптама қорытындысына сәйкес «Honda Accord» маркалы көліктің алғашқы шығарылған зауыт нөмірі кесіліп алынған және оның орнына басқа металды пластинка жабыстырылып басқа нөмір тағылған. Алғашқы нөмірін анықтау мүмкіндігі жоқ. Шанақ нөмірін қайта алғандықтан, аталмыш көлік құралының шығарылған жылын анықтау мүмкін емес.
«ШҚО кедендік бақылау департаменті Кедендік кірістер басқармасының есебі бойынша «Honda Accord» маркалы көліктің кедендік құны 1 млн. 813 мың 50 теңгені, төленбеген кедендік төлемдер мен салықтардың сомасы 470 мың 605,98 теңгені құрайды», - делінген баспасөз хабарламасында.