«Ауыл» партиясы «Бірлік» партиясының қосылу туралы ұсынысынан бас тартты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс 17-сессиясы өтті. Съезд барысында «Бірлік» партиясының «Ауыл» партиясына қосылу туралы ұсынысы қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бірлік» саяси партиясынан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясына қосылу туралы ұсыныс келіп түсті. «Бірлік» партиясы бұл шешімді өздерінің 2020 жылғы 14 наурызында өткен кезектен тыс съезінде жасаған. Қандай да бір саяси партияның қайтадан құрылымдауы бір күнде шешіле салатын жұмыс емес. Мәселе екі партияның қосылуында ғана емес, біз ең алдымен бір процестің саяси маңызына және қажеттілігіне жете мәнберуіміз керек», - деді съезд жұмысын ашқан «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев.

Оның атап өтуінше, ең алдымен «Бірлік» партиясының қосылуы «Ауыл» партиясын не береді, дәл қазір мұндай қажеттілік бар ма деген сауалдарға жауап беру қажет.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы саяси алаңдағы танымал партиялардың бірі. «Ауыл» партиясының өзіндік тарихы, дәстүрі, нақты идеологиялық бағыты және бағдарламалық мақсаттары бар. Осының бәрін ескере келе кеңес президумы «Бірлік» партиясының «Ауыл» партиясынна қосылуы туралы мәселені зерттеп, зерделеу мақсатында арнайы жұмыс тобын құрған болатын. Соңғы 2-3 айдың көлемінде сол жұмыс бойы қызмет етті», - ол.

Осыдан кейін аталған жұмыс тобының жетекшісі Қуаныш Сейітжанов екі партияның қосылуына қатысты сараптамалық қорытындыны съезд делегаттарының назарына ұсынды.

«Бірінші - «Ауыл» партиясы өзінің идеологиялық бағытымен, бағдарламалық мақсатымен ел тұрғындарына кеңінен танымал қоғамдық-саяси құрылым. Сол себепті дәл қазіргі таңда қандай да бір саяси күшпен бірігу электорат тарапынан түсініспеушілік туғызып, оларды жаңылдыруы мүмкін. Екінші, ұсыныс жасап отырған «Бірлік» партиясының саяси белсенділігі төмен. Үшінші, партия кейінгі үш жылдың ішінде елдегі болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғаларға араласуда қандайда бір белсенділік танытпаған», - деді ол.

Оның айтуынша, төртінші «Бірлік» партиясының кадрлық әлеуеті де төмен. Партияның орталық аппаратында негізгі жұмысынан босатылған бірде-бір қызметкер жоқ. Бұл өз кезегінде партияның қаржылық жағдайының да төмен екендігін көрсетеді. Бесінші, партияның филиалдары мен құрылымдық бөлімдерінің жұмысында жүйелілік пен бірізділік жоқ. Алтыншы, ақпарат кеңістігінде «Бірлік»партиясының жұмысын көрсететіндей мағлұматтар өте аз кездеседі. Интернет желісінде партияның тыныс-тіршілігін танытатын ақпарат тым тапшы. Ресми сайты да жоқ. Сегізінші, әлеуметтік желілерде «Бірлік» партиясының жеке профиль аккаунты ғана тіркелген. Ондағы ақпараттардың жағартылуы жиілігі де төмен.

«Тоғызыншы, аталған партия 2019 жылғы ҚР Президенті сайлауына кандидат ұсынған жоқ. Бұл өз кезегінде партияның электорат тарапынан қолдауы аз екендігінің көрсеткіші. Оныншы, «Бірлік» партиясының жарғысы мен бағдарламасына жылдар бойы өзгерістер енгізілмегендіктен ондағы көптеген мәселер заманауи жағдаятта өзінің өзектілігін жойған. Он бірінші, «Бірлік» партиясына қосылу «Ауыл» партиясына ешқандай да саяси дивидент әкелмейді, абырой, бедел де әпермейді. Сонымен қатар партиялардың бірігуі процесі, партия филиалдарын қайта тіркеу сияқты жұмыстар көп уақыт алады. Алдымызда электоралды кезең келе жатқанын ескерсек, мұндай процестер «Ауыл» партиясының негізгі жұмыстарына кедергі болады», - деді Қуаныш Сейітжанов.

Екі партияның қосыуына қатысты ұсынысты талқылау барысында жақтағандар да, қарсылық танытқандар да болды. Осыдан кейін дауыс беру рәсімі өткізіліп, оның барысында съезге қатысқан делегаттардың 72-сі екі партияның қосылуына қарсы болса, 8-і жақтады. Бір делегат қалыс қалды.

«Біз «Бірлік» партиясындағы әріптестерімізге ниет білдіргендері үшін ризашылық білдіреміз. Енді өмір жалғасады, алда саяси додалар бар. «Бірлік» партиясына саяси белсенділік пен сергектік тілегіміз келеді. Жұмыстарына табыс тілеп, бүгінгі съезд делегаттарының сын-ескертпелерінен қорытынды шығарып, жұмыстарын жандандырады деп сенеміз», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев.


Соңғы жаңалықтар