«Ауыл» партиясы Елбасы Жолдауы аясындағы жоспарларымен бөлісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Елбасының 5 қазандағы жаңа Жолдауына талқылау мақсатында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының саяси кеңесі президумының кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Отырыста халықтың әл-ауқатын көтеруге негізделген Жолдаудың басым бағыттары мен оны іске асырумен байланысты мақсат-міндеттер сөз болды.

«Биылғы Жолдаудың мәні терең. Өйткені Президентіміз халық табысының өсуі, кәсіпкерлікті дамыту, тұрмыс сапасын арттыру секілді халықтың өмірімен тікелей байланысты мәселелерді қозғап, олар бойынша құзырлы орган өкілдеріне бірқатар міндеттерді жүктеді. Ел тұрғындарының өмір сапасы тұрмысын жақсартуда, экономикасы дамыған, әлеуеті жоғары мемлекет қалыптастыруда аталған міндеттердің маңызы зор. Жолдау жүктеген міндеттердің әсіресе ауыл халқына ықпалы оң болады деген ойдамыз», - деді «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.

Оның сөзінше, Жолдаудан туындайтын міндеттерге қатысты өткен аптада Түркістан облысында 200-ден астам мұғаліммен кездесу өтіп, олардың мәселелері қаралып, ұсыныстары тыңдалды және осы секілді кездесу алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлерінде өтеді.

Сондай-ақ, жиында партияның аймақтардағы филиалдарының стратегиялық бағдарламасын талқылап, насихаттауға арналған қоғамдық-саяси іс-шаралар жоспары пысықталып, бекітілді.

Айта кетсек, Елбасы үстіміздегі жалдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту қажеттігін атап өтіп, осы мақсатта «Ауыл - Ел бесігі» жобасының іске қосылуын және аталған жоба арқылы өңірлердегі еңбекке қатысты идеологияны ілгерілетуді қолға алуды тапсырған болатын.