Партия төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, сайлауға қатысты конституциялық заңға өзгерістер енгізілгеннен кейін жергілікті мәслиxат депутаттарын да партиялық тізіммен сайлайтын болады Аталған норма партиялардың рөлін арттырып отыр.
«Бізге де үлкен мүмкіндік берілді. Себебі «Ауыл» партиясының негізгі мүшелері жергілікті жерлерде тұрады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалана білуіміз керек. Ауыл тұрғындарының мүддесін лайықты қорғаймыз десек, болашақта барлық аймақтардағы ауылдық және облыстық мәслиxаттарда «Ауыл» партиясының депутаттары болуы тиіс. Ол үшін партиямыздың аймақтардағы жұмысын жандандыруымыз қажет», - деді Ә.Бектаев «Ауыл» ХДПП-ның кезектен тыс XIV сьезінде.
Оның айтуынша, соңғы есеп бойынша он аудан мен қалаларда «Ауыл» партиясының филиалдары мүлдем жоқ. Атап айтқанда, Атырау, Қаражал, Байқоңыр, Текелі қалаларында, сондай-ақ, Астана мен Алматының кейбір аудандарында партияның филиалдары әлі ашылмаған.
«Әрине, мұндай олқылықтарды кейбір аудандардың жаңадан ашылуы, «Ауыл» партиясын қайта құрылымдау сияқты себептермен де түсіндіруге де болады. Алайда біз әртүрлі өзгерістерге шапшаң бейімделе білетін ілгерішіл партия болуымыз қажет. Заң мен заман талабы осындай. Сондықтан аталмыш аймақ филиалдарының басшыларына жіберілген қателіктерді жыл соңына дейін жоюды тапсырамын. Біздің мақсатымыз - болашақта болатын сайлауларда «Ауыл» партиясының парламенттік партияға айналуы, Қазақстан Республикасының Парламенті мен мәслиxаттарына өз депутаттарымыздың сайлануы. Сонда ғана біз мемлекеттік басқару жүйесіне араласып, ауыл тұрғындарының проблемасын шешуге мүмкіндік аламыз. Ауылдық елді мекендерінің инфрақұрылымын жақсартуға атсалыса алатын боламыз. Біздің ниетіміз адал, жоспарымыз анық. Ол - ауылға қызмет ету», - деп атап көрсетті Ә.Бектаев.
Айта кетейік, бүгін Астанада «Ауыл» xалықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XIV сьезі өтті. Күн тәртібінде президиум құрамына өзгеріс енгізу жайы талқыланды. Ал партия төрағасы Әли Бектаев «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл жастарын көбірек оқытумәселесін көтерді.