«Ауыл» партиясының «30 игі іс» акциясы Түркістан облысында жалғасты

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат- Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 игі іс» акциясының аясында «Ауыл» партиясы кезекті қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия тізімімен сайланған Түркістан облыстық маслихатының депутаты Төрегелді Қалмұратов өзі басшылық ететін «Қазақстандық бренді бар балалар мен ересектерге арналған жөргектер өндірісі» зауытының алғашқы өнімін ерекше мұқтаж жандарға тегін тапсырды.
Көлемі 4 000 дана медициналық бұйым «Тасарық» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесіне табысталды.


Жақында ашылған кәсіпорны партия мүшесі, облыстық маслихат депутаты Төрегелді Қалмұратов пен Түркия компаниясының біріккен жобасының аясында құрылған. Балаларға арналған гигиеналық өнім шығарумен айналысады. Жоспар бойынша өндірістік қуаттылығы 400 млн дана болмақ. Бұл Қазақстандағы ішкі нарықтың қажеттілігін толық өтеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экспортқа шығаруда көзделуде. Мұндағы жөргектер экологиялық таза компоненттерден жасалған, ал оның құрамындағы шикізаттың барлығы отандық өнім болып табылады.


Қайырымдылыққа арналған заттарды тапсыру барысында Төрегелді Қалмұратов «Ауыл» партиясының бастаған «30 игі іс» акциясы Қазақстанның барлық аймақтарын қамтитындығын айтып, барша қазақстандықтарды акцияға атсалысып, қатысуға шақырды.
Қазіргі таңда зауытта 60 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Оның 70 пайызы - ерекше мұқтаж жандар. Осы арқылы «Ауыл» партиясынан сайланған депутат әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың кірісін көбейтіп жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада «Ауыл» партиясының «30 игі іс» акциясы Алматы облысында баспанаға мұқтаж адамдарға тұрғын-үй кілттерін табыстаудан басталған болатын. Іс-шаралар барасында партия мүшелері қарттарға, көпбалалы отбасылар мен мүгедектерге қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Жүздеген мұқтаж адамдар азық-түлік себеттерімен, вирусқа қарсы және иммунитетті жақсартатын препараттармен қамтамасыз етілетін болады. Сондай-ақ облыс орталықтарында «Дертті жанға дем бер» донорлық акциясы өтпек.
«30 игі іс» тізімінде республикалық деңгейге ие жиындар да бар. Орал қаласында Ауыл жастарының III форумы өтсе, Алматы қаласында түрлі этнос өкілдерімен студенттер кездеспек. Ал Көкшетауда «Өзгерістер ауқымы – үш ұрпақ көзімен» тақырыбындағы дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Акция желтоқсан айының 16-на дейін жалғасатын болады.