Жаңа төраға ретінде партия төрағасы Әли Бектаев қайта сайланды. Сонымен бірге, партияның саяси кеңесінің жаңа құрамы бекітіліп, жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.
Съезд делегаттары «Ауыл» ХДПП Саяси кеңесінің 2015-2019 жылдары атқарған жұмыстарының есебі бойынша баяндаманы тыңдады. Онда партияның бағдарламалық мақсаттарын орындаудағы қызметі, атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынылды, партияның өңірлік филиалдарының жергілікті жерлердегі агроөнеркәсіптік кешен, әлеуметтік сала, ғылым және өндіріс мәселелері бойынша жұмыстары талқыланды.
Айта кетейік, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы осыдан төрт жыл бұрын Қазақстан социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан патриоттар партиясының бірігуі нәтижесінде құрылды. Қазіргі таңда еліміздің 14 облысы және республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында саяси ұйымның 17 филиалы жұмыс істейді. Бұдан бөлек 188 қалалық және аудандық партия ұйымында 500 бастауыш партия ұйымы бар. Партияның міндеті - фермерлер мен ауыл еңбеккерлерінің, барша қазақстандықтардың мүдделерін білдіру.
Соңғы ақпарат бойынша партияның 298 мыңнан астам мүшесі бар.