Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржылай оңалту тетіктері талқыланды - Ақмола облысы
Шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев, «Азық-түлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ, «ҚазАгроГарант» АҚ, «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ, «ҚазАгро» Холдинг» АҚ басшылары, аудан әкімдері, салалық ммлекеттік органдар мен қаржы институттары, «Әліби» компания тобына кіретін 11 ауыл шаруашылығы құрылымының директорлары қатысты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде еліміздегі проблемалы агрохолдингтерде қаржылық тәртіпті ретке келтіру бойынша Ақмола облысында несиелік тәуекелді талдау, қаржы институттары алдында борыш құрылымын қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарын оңалту процесі іске қосылды»,- деді өз сөзінде Мәлік Мырзалин.
Аталмыш ауыл шаруашылығы кәсіпорындары орналасқан аудандардың әкімдері мен құзырлы мемлекеттік органдардың басшыларына көктемгі дала жұмыстарына дайындалу туралы тапсырма берілді.
«Бізге көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін тиісті шараларды уақтылы қолға алу қажет. Жанар-жағармай мен өзге де тауарлы-материалдық құндылықтар сатып алу үшін қаржыландыруға қолжетімді болуы, кадрлық әлеуетті ұстап тұруды, еңбеккерлерге жалақыны уақытында төлеуді қамтамасыз ету керек», - деді аймақ басшысы.