Ауыл шаруашылығы министрлігі 133 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізуде - Үкімет отырысы

АСТАНА. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі 133 инвестициялық жобаға мониторинг жүргізуде. Олардың 80-і «ҚазАгро» холдингі арқылы, ал қалған 53 жоба басқа да қаржыландыру көздерінен іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Аталған 53 жобаға тоқталатын болсақ, олар 12 аймақта жүзеге асырылуда. Біз бұл жобаларды үш топқа бөлдік. Біріншісінде олар қаржыландырумен қамтамасыз етілген және биылғы жылы іске қосылатын болады», деді министр. А. Күрішбаевтың сөзіне қарағанда, мониторинг барысында бірінші топқа аяқталуы әкімдермен құпталған құны 4 миллиард теңгеден асатын 7 жоба енгізілді. Бұлардың ішінде Ақмола облысында шұжық өнімдерін өндіру, Ақтөбе облысында азық-түлік базарын салу, Шығыс Қазақстан облысында көкөніс қоймасын салу, Қостанай облысында тәтті тағам өнімдерін өндіру, Солтүстік Қазақстан облысында ет және сүтті қайта өңдеу,сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында ұн өндіру кәсіпорнын құру бойынша жобалар іске қосылмақ. Бұл кәсіпорындарда 700-ге тарта жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Екінші топқа 11 инвестициялық жоба кіретініне тоқталған министр, олардың ішінде мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша 7 жоба, жем-шөп саласында 2, нан өнімдері бағытында 1, сусын шығаруда 1 жоба қамтылғанын айтып өтті. Осы бағыттағы кәсіпорындар қосымша 800-ге жуық жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.