Ауыл шаруашылығы министрлігі кеңестік ветеринария жүйесіне қайта оралу мәселесін қарастыруда

АСТАНА. 24 ақпан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Ауыл шаруашылығы министрлігі кеңестік ветеринария жүйесіне қайта оралу мәселесін қарастыруда.

Бұл туралы бүгін Астана аумақтық инспекцияның алқа мәжілісінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сақташ Хасенов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ветеринария саласында қолданыстағы жүйе өзінің тиімсіздігін көрсетіп отыр. Өйткені инспекторлар да, жергілікті билік те ауылдық округте қанша мал басы бар екендігі жөнінегі нақты ақпараттан бейхабар. Сондықтан бұрынғы кеңестік жүйеге қайта оралу көзделіп отырғандығын айтқан вице-министр: «Ол ауылдық окургтер аумағында ветеринариялық учаскелердің құрылуын көздейді», - деді.

С.Хасеновтің айтуына қарағанда, бүгінде мал басын 100 пайыз сәйкестендіру бағдарламасы әзірлену үстінде. Яғни әрбір туылған түлік өзінің сырғасын, өзінің мәліметтер енгізілген ветеринарлық төлқұжатын алуы тиіс. Егер реформалау және ветеринариялық іс-шараларды жүргізу мемлекет қармағына берілетін болса, онда бас мал дәрігері бар ветеринарлық учаске өз аумағына жауап беретін болады.