Бұл туралы бүгін Астанада «Қазақстанның қорғалған топырағы - 2010» атты тақырыпта өткен II семинар-кеңес барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, елдегі жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері тұрғындардың сұранысынан 1,6 пайызға көп. Алайда осы мәселеге байланысты ай сайынғы жағдайды жіті зерттей келгенде қазан-қараша айларынан бастап, сәуір мен мамыр айларына дейінгі аралықта көкөніс пен жеміс-жидекке зәрулік пайда болатындығы байқалды. «Бұның бірнеше себебі бар. Ол көкөністерді сақтайтын және тасымалдайтын арнайы жүйе жоқ. Оның үстіне аталмыш өнімдерді өткізудің де бірыңғай жүйесі жасалмаған. Осыған қарай біз аталмыш саланы дамытуды екі түрлі жолмен жүзеге асырып келеміз. Біріншіден біз жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін өндіру көлемін арттыруға күш салып отырмыз. Ол үшін өндірілген өнімді сақтайтын қоймалар мен оны тасымалдап, саудаға салу жүйесін ойластырудамыз. Ал мәселенің екінші бағыты қорғалатын топырақтағы көкөніс пен жеміс-жидектерді өндіруге қатысты болып отыр», деді вице-министр.
Семинар барысында жиынға қатысушылар қорғалған топырақтағы көкөніс пен жеміс-жидекті өндіру және жылыжайларды дамытуға қатысты мәселелерді ортаға салып, олар бойынша пікір алмасып, мәселенің шешілу жолдарын қарастырды.