Ауыл шаруашылығы министрлігі сексеуілді отауға шектеу қоймақ

АСТАНА. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елімізде сексеуілді отауға шектеу қойылмақ.

Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шарашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға қарасты Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаев мәлім етті.

«Сексеуіл көшеттерін қорғауды күшейту мақсатында Жамбыл облысындағы сексеуілді отауға қойылған барлық шектеулерді басқа да облыстарға да енгізу жоспарлануда», - деді ол.

Оның атап өтуінше, орман көшеттерін отырғызуда кейбір өңірлер артта қалып келеді. Мәселен, Павлодар облысында «Жасыл даму» бағдарламасы аясында 23 гектар орман көшетін отырғызу жоспарланса, бүгінгі таңда тек 15 гектар алқапқа ғана ағаш егілген. Ал Жамбыл облысында соңғы жылдары егілген 57 мың гектар көшеттің 17 мың гектары қурап қалған. «Осындай көшет отырғызудың төмен нәтижелілігін ескере отырып, сексеуіл егуге көшу қажет», - деді комитет басшысы.

Сонымен қатар Е.Нысанбаевтың айтуыеша,  орманның қалпына келтірілуі мен оталуына жыл сайынғы жүргізілген сараптама орман алқаптары аумағының өсуі деңгейінің нәтижесі төмен болып отырғандығын көрсетті.