Ауыл шаруашылығы министрлігі Статистика агенттігінің мал шаруашылығына қатысты деректеріне күмән келтіруде

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ҚР Статистика агенттігінің елдегі мал шаруашылығы саласындағы ахуал туралы таратқан деректеріне күмәнмен қарайды.

«ҚР Статистика агенттігінің мал шаруашылығы туралы таратқан деректері күмән туғызатынын атап өтуіміз қажет», - деді бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысының орынбасары Гүлмира Исаева.

Мәселен, Статагенттіктің мәліметтері бойынша, сүт өндірісі жылына 4,8 млн. тонна болады. Алайда, АШМ есептеулері бойынша күнделікті тұтыну мен 1 млн. тонна көлеміндегі импортты қоса есептегенде сүт өндіру шамамен 3,5 млн. тоннаны құрайды.
«Біздің пікірімізше, мәліметтердің дұрыс болмауы жеке үй шаруашылықтарында малдың көптігінен, есеп жүргізудің, қосып жазуды анықтаудың қиындығынан болып отыр. Осыған байланысты біз қазір Статагенттікпен бірлесе отырып, санақ жүргізудің әдістемелерін жетілдіріп жатырмыз», - деді Г.Исаева.