Ауыл шаруашылығы министрлігінде етті мал шаруашылығына жаңа технологиялар енгізуге арналған семинар өтті

АСТАНА. 23 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Етті мал шаруашылығына технология енгізу» атты тақырыпта семинар болып өтті.

«ҚазАгро» Ұлттық басқару холдингінің ұйымдастыруымен өткен шараға ведомство басшылары, канадалық компания сарапшылары, Ақмола мен Қарағанды облыстарының ауыл шаруашылық кәсіпорындары мен фермер шаруашылықтарының басшылары қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы Жолдауында Елбасы Н. Назарбаев 2016 жылға дейін еліміздегі экспорттық бағыттағы ет әлеуетін 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндетін жүктеген болатын. Аталған міндетті орындау мақсатында «Қазақстан Республикасында ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы әзірленген еді. Осыған орай, мал шаруашылығы бойынша ұдайы өндірісті басқару және консалтингтік орталық құрылған болатын. Ал бұл орталықтың негізгі қызметі асыл тұқымды малды дамыту, агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне консалтингтік қызметтер көрсету болып табылады. Бұл ретте халықаралық сарапшыларды тарта отырып, орталық қызметкерлері жаңа заманауи технологияларды ендіру мәселелерімен де айналысып келеді. Бүгінгі тәжірибелік семинардың мақсаты да осы. Шара барысында онлайн-режимда консультациялар жасалып, қажетті ақпараттық материалдар шығарылады.

Бұған дейін осы мазмұндас семинарлар Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында өткізілген болатын. Жыл соңына дейін ел өңірлерінде бұндай 20-ға тарта шара өткізу жоспарланған.