11:33, 26 Наурыз 2009
Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі алқа мәжілісінде Елбасы Жолдауы мен көктемгі егіс жұмыстарына қатысты мәселелер талқыланды
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде алқа мәжілісі өтіп, онда Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру,
көктемгі егіс жұмыстарына дайындық, 2009 жылғы шегіртке тектес зиянкестермен күрес жөніндегі іс-шаралар талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы Жолдауында әлемдік қаржылық дағдарыстың бастауына талдау жасалып, біздің алдымызға экономиканың тұрақты дамуына және дағдарыстан шығу жолдарына қатысты нақты міндеттер қойылып отыр. Дағдарысты жеңуде және халыққа мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларды түсіндіруде атқарушы органның іс-қимылдары маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті мәжілісті ашқан министр Ақылбек Күрішбаев. Сонымен бірге, жиын барысында министрліктің Жауапты хатшысы Тобылбек Омаров Жолдаудың негізгі ережелері бойынша баяндама жасап, бұл бағытта тәжірибелік түрде ағымдағы мәселелерді шешуге, ғаламдық дағдарыстың теріс салдарына қарсы әрекет етуге баса назар аударылып отырғанын жеткізді. «Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес, қатаң үнемдеу арқылы барлық басым емес шығыстар қысқартылып отыр. Сонымен бірге, халықты жұмыспен қамту стратегиясын тиімді жүзеге асыруға баса мән беріледі. Біз жұмыс орындарының қаншалықты қысқарып жатқандығын және жаңадан ашылып отырған жұмыс орындарының нақты санын біліп отыруымыз керек. Осы өлшемдер бойынша әрқайсысымыздың атқарған жұмысымыздың тиімділігі бағаланатын болады. Сондай-ақ жұмыспен қамту стратегиясын тиімді жүзеге асыру барысында жергілікті тауар өндірушілердің әлеуетін жоғары пайдалана білу қажет. Егер қажетті өндіріс болмаса, қазақстандық бизнестің әрекет етуі үшін жаңа өндіріс құруға жағдай жасауға тиіспіз. Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражат тек ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттырып қана қомай, жұмыс орындарын ашуға және өңдеуші саланы жандандыруға септігін тигізуі керек. Әлемдік дағдарыс жағдайында жұмыспен қамту мәселесі кең ауқымда қайта оқыту мен қайта даярлау шараларына бағытталуы шарт. Біз қазірдің өзінде аграрлық секторды болашақтағы еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесімен айналысуға баса назар аударуымыз қажет», - деді Т. Омаров. Сонымен бірге, базалық инфрақұрылымды дамыту мен экономиканы жаңғырту шараларына тоқталған Жауапты хатшы, бүгінгі күні жекелеген нақты жобалар «ҚазАгро» Ұлттық холдингі арқылы қаржыландырып отырғанын атап өтті.
Алқа мәжілісінде сондай-ақ көктемгі егіс науқанын ұйымдастыру мен жедел шешуді қажет ететін мәселелер жайы талқыланып, олқылықтарды жоюға бағытталған бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді.