Ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушысы Константин Хван дүниеден озды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. 4 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Елімізге есімі белгілі ауыл шаруашылығы өндірісінің ірі ұйымдастырушысы, Қызылорда облысы Шиелі кентінің тұрғыны Константин Васильевич Хван ұзаққа созылған науқастан кейін дүниеден озды.

1936 жылы Приморье өлкесінде туған оның балалық шақтан бастап қазірге дейінгі бүкіл өмірі Сыр бойында өтті. Еңбек жолын Қызылорда облысы Шиелі ауданында агроном болып бастаған ол бұдан кейінгі жылдары кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы секілді жолдардан өтті.

Ал еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бастап ауыл шаруашылығы өндірісін қайта көтеруге көмектесу мақсатында өзі бір кездері еңбек жолын бастаған Шиелі ауданындағы «Авангард» кеңшарын басқарып, оны қысқа мерзім ішінде аяғынан тік тұрғызды. Осылайша бір кездері 30-дан астам Социалистік Еңбек Ері шыққан ауылдың даңқын қайта асырды. Осы тұста «Авангард-Шиелі» деп аталған агрокешен облыстағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың біріне айналды. Кейін іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Константин Васильевичке көршілес «Бидайкөл» аулының тұрғындары да өтініш жасап, шаруашылықтарын басқарып беруді сұрады. Ол осылайша бір мезгілде екі бірдей шаруашылықты қатар басқарған алғашқы басшы болды.

Отан алдындағы ерекше еңбектері үшін К.Хван Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», егемендік жылдары «Құрмет» ордендерімен марапатталған.