Ауыл шаруашылығы өнімдерін кеңінен жарнамалаймыз - А.Мырзахметов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қостанай облысында өткен кеңесте ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Министрліктің жоспарларымен бөлісті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында қолда бар әлеуетті пайдалану үшін жеке жоспар әзірленуде. Онда ауыл шаруашылығының органикалық өнімдерін, сондай-ақ мал шаруашылығын кең ауқымда жүйелі түрде жарнамалау қарастырылған. Осы жоспарға сәйкес жаңа нарықтар табу - Министрліктің басты міндетінің бірі», - деді ол.

«Қазіргі таңда Министрліктің ветеринарлық және фитосанитарлық қызметімен Қытай мен Иран нарықтарына мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау бойынша шектеулерді алып тастау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде», - деп атап өтті А.Мырзахметов.

Айта кетейік, аталған жиында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен, Қазақстанның Ет одағы, Қазақстанның Сүт одағы және Қазақстанның Құс өсірушілер одағы өкілдерімен саланың проблемалық сұрақтары және оларды шешу жолдары талқылануда.