Ауыл шаруашылығы өніміне баға 7 пайызға төмендеді

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылғы ауыл шаруашылығы құрылымдары өткізген өсімдік шаруашылығы өнімі 13,4%-ға арзандады, ал мал шаруашылығы өнімі - 2,3%-ға қымбаттады. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігі хабарлады.

«Ағымдағы жылғы баға бидайға 20,2%, қарақұмыққа - 11,4%, тарыға - 10,1%, арпаға - 4,2%, қара бидайға - 5%, жүгеріге - 0,3%-ға төмендеді, ал сұлыға 7,2%, күрішке - 3,5%- ға өсті»,-делінген агенттік мәліметінде. Белгілі болғандай, қырыққабат 10,1%, картоп - 5,7%, асханалық сәбіз - 3,5%, пияз - 3,4%-ға арзандаса, асханалық қызылша 1,7%-ға қымбаттады. Баға қант қызылшасына 20,6%-ға төмендеді, ал мақтаға 12%, темекіге - 6,2%-ға өсті. Баға өсімі бұршаққа 10,7%, күнбағыс тұқымына - 1,5%, жеміс және жидектерге - 8,4% құрады. Қой еті 6,1%, жылқы еті - 1,1%, шошқа еті - 0,8%- ға қымбаттаса, құс еті 5,5%, ірі қара мал еті - 2,1%- ға төмендеді. Баға жұмыртқаға 17,4%, шикі сүтке - 2,8%-ға өсті, ал балға 1,9%, жүнге - 1,5%-ға арзандады.