Ауыл шаруашылығы: Павлодар облысында 2025 жылға дейін 26 инвестициялық жоба іске қосылмақ

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылға дейін құны 187,8 млрд теңге болатын 26 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен барған Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен бірге, министр жаңа кәсіпорындар маусымаралық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығын болдырмауға және облыс пен астана базарларындағы бағаны тұрақтандыруға, сондай-ақ 1 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретінін айтты.

Ербол Қарашөкеев жұмыс сапары аясында бірнеше шаруа қожалығында, соның ішінде мал және өсімдік шаруашылығы фермаларында, көкөніс қоймасында болып, жаңа сүт-тауар фермасының ашылуына қатысты.

Жаңа нысан Ақтоғай ауданы Жоламан ауылында ашылды. Жобаның құны – 6 млрд теңге, оның 5 млрд теңгесі – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қарыз қаражаты. Ферма жыл сайын 8,9 млн литрге дейін шикі сүт шығара алады.

Жалпы, Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан шаралардың арқасында Павлодар облысы АӨК-ті дамытудың оң нәтижелерін көрсетіп отыр. Өңірге инвестициялық субсидиялауға 9,3 млрд теңге, несиелер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға 6,3 млрд теңге, мал шаруашылығын субсидиялауға 8 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына шамамен 5,3 млрд теңге бөлінді. Осының барлығы түрлі дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайтуға, жаңа сүт-тауар фермалары мен бордақылау алаңдарын ашуға мүмкіндік берді.

Министр астық жинау науқанының барысымен де танысты. Бүгінгі күні 610,9 мың га астық жиналған, бұл – жоспардың 64%-ы. Орташа өнімділік гектарына 9,8 центнер болған кезде 600,5 мың тонна астық бастырылды, 12,5 мың га алаңдағы картоп егінінің жартысы жиналды. Облыста 3,7 мың га алқаптан 107,5 мың тонна көкөніс жиналды, бұл – жалпы алаңның 50%-ы.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде Ербол Қарашөкеев өңірде қант қызылшасын өсіру әлеуетін талқылады. Қазіргі уақытта облыстың суармалы жерлерінің ауданы – шамамен 64 мың га, сондықтан бұл бағыттағы жоба сәтті іске асырылуы мүмкін.

Биыл ауыл шаруашылығына қосымша қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта субсидиялаудың жалпы көлемі – 451 млрд теңге. «Кең дала» бағдарламасы бойынша қаржыландыру 2 есеге артып, 140 млрд теңге болды. Сондай-ақ, форвардтық сатып алуға бөлінген сома өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 80 млрд теңгеге жетті. Ал, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақының қолданыстағы нарықтық мөлшерлемесі 20% болған кезде фермерлер үшін небәрі 6% мөлшерлеме көзделген, қалғанын мемлекет өтейді.