Оның айтуынша, бұдан бұрын да ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде төрт түлік мал өсіріп, одан мол пайда табамын деушілерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келе жатқаны белгілі. Енді экологиялық жағынан таза тағамдар өндіруге басымдық беріліп отыр. Шындығында да өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болмаса, қазіргідей шет елден түрлі тауарлар тасқыны азаймай тұрған мезгілде алға басу қиын. Бұл ретте Елбасымыз Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар берді. Алдымен субсидияларды бөлу мәселесін қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу керектігі айтылды. Сондай-ақ бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге біріктіру де маңызды. Соңғы кезде тарам-тарам болып кеткен шаруалардың басын қосу мақсатында қадамдар жасалуда. Бұл дұрыс. Өйткені жаһандану кезіндегі құбылыстарға осылайша қарсы тұруға болады. Егер ауыл тұрғындарының малын көбейтіп, одан алынатын өнім түрлерін өткізуге жағдай жасалса, олардың әл-аухаты арта түсері анық. Осы орайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың да мәні зор. «Жайылым туралы» Заңға сәйкес мал жайылатын жерлер реттелсе, тіпті жақсы болар еді.
«Біз «Ауыл» партиясының өңірдегі белсенді мүшелерімен бірге Елбасы Үндеуі мен Жолдауын талқылап, алдағы іс-жоспарларды белгіледік. «Ауыл» партиясы ең алдымен ауыл адамдарының мүддесін көздейтіндіктен, біз сол елге жасалатын жақсылықтың жалғасатынына қуанып отырмыз. Осыған байланысты арнайы кесте бойынша ауыл-аймаққа шығып, тұрғындармен кездесетін боламыз. Олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, елімізде енгізілгелі отырған саяси реформа мен Жолдаудағы басым бағыттар жөнінде айтып, өз ой-толғамдарымызбен бөлісеміз», деді «ҚазАқпарат» тілшісіне Амангелді Баянов.