Ауыл шаруашылығы саласында жемқорлық асқынып тұрған өңірлер белгілі болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев ауыл шаруашылығы саласында жемқорлық асқынып тұрған өңірлерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жемқорлық Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында асқынып тұрғаны белгілі болды», - деді ол «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен селекорлық режімдегі кеңес барысында.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында ғана ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлеріне қатысты 28 қылмыстық іс қозғалған.

«Егер өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында 24 іс қозғалғанын ескерсек,  биылғы деректерден жемқорлық қылмыстарды тіркеу фактілерінің біршама арта түскендігін байқауға болады», - деді Алик Шпекбаев.

Сонымен қатар ол соңғы 5 жылда  елімізде ауыл шаруашылығы саласында бөлінетін субсидия көлемі үш есеге ұлғайып, 8,9 млрд. теңгеден 257 млрд. теңгеге жеткендігін атап өтті.