«Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялау көлемі Қазақстанда 3,5 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Ресейде 6-7 пайыз болса, Кеден одағы аясындағы субсидия мөлшері ең жоғары Беларусь елінде - 18 пайызға дейін жетеді. Дегенмен, келсімшарттар бойынша 2017 жылға дейін Қазақстан ауыл шаруашылығы субсидияларының деңгейін жалпы ішкі өнімнің 10 пайызына дейін жеткізуіміз керек», - деді Ерболат Досаев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық кеңістік аясындағы келісімшарттар шеңберінде қазақстандық сарапшылар ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың бірыңғай деңгейіне қатысты жіті келіссөздер жүргізіп келеді.
Министр міндетін атқарушы Е. Досаевтың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда ірі қара мал етіне сұраныс 2012 жылы 394 мың тонна, 2013 жылы 402 мың тонна болса, ал 2014 жылы 407-410 мың тонна болады деп болжанып отыр. Ал ет өндірісіне келсек, 2012 жылы бұл 373 мың тоннаны, 2013 жылы 385 мың тоннаны құрады, 2014 жылы 392 мың тонна болады деп жоспарланып отыр.
Тоқтала кететін жайт, жалпы отырыста сенатор Светлана Жалмағамбетова Қазақстанның тауар өндірушілері тарапынан елімізге арзан әрі сапасыз еттер қаптап келіп жатқаны туралы мәселе көтерілгенін айтып, еліміздегі ет өндірісінің өзіндік құны жоғары екеніне назар аударған болатын.
«Шындығында, Қазақстанда ет өндірісі бәсекелестік тұрғысынан тиімсіз болып отыр. Өйткені, Ресей мен Беларусь еті төменгі кедендік бажбен келіп, нарықты басып қалып жатыр», - деді сенатор С. Жалмағамбетова.