Ауыл шаруашылығы техникаларының барлығын түгел елде шығару қажет - Вице-премьер

АНА. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз ауыл шаруашылығына қажетті трактор, комбайн сияқты техникалардың барлығын елде шығаруды жоспарлап отырмыз.

Қазір осы мәселеге байланысты жұмыс тобы күнде арнайы мәжіліс өткізеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта нәтижесін береді деген ойдамын», деді бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешов.

Министрдің сөзіне қарағанда, елде мұнай-газ саласындағы машина құрылысы бойынша да жүйелі шаралар атқарылуда. «Ал құрылыс материалдарына келетін болсақ, біз әйнек, керамика, линолеум, арматура, сыр сияқты материалдарды импорттаймыз. Осыған байланысты біз 2014 жылға қарай ішкі нарықтағы құрылыс материалдарын қамтамасыз етуді 80 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз», деді Ә. Исекешов.

Оның айтуынша, осы уақытта Қазақстанның даму банкі арқылы түркілік компаниялардың бірі Шымкентте крамогранит шығаратын зауыт ашты. «Оны қуаттылығы 2,5 шаршы метрді құрайды. Компания өкілдері бұл көрсеткішті алдағы уақытта 2 еседен астам арттыруға ниеттеніп отыр. Сондай-ақ олар Қостанайдан керамикалық плита шығарытын зауыт салуға көшпек. Көріп отырғандарыңыздай, елдегі жалғыз ғана ірі жоба ішкі нарықты жауып, Ресейдің нарығына шығуға да мүмкін беретіндігін көрсетіп отыр», деді вице-премьер.