Ауыл шаруашылығы үшін дизельдің литрі 184 теңге болып бекітілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл ауыл шаруашылығы саласы үшін дизель отынына біркелкі баға бекітілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көктемгі егіс жұмыстары бойынша өңірлерге 413,0 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бұл – өткен жылға қарағанда 13,0 мың тоннаға көп. Энергетика министрлігі және мұнай өңдеу зауыттарымен ақылдаса келе дизельдің тоннасы 222,0 мың теңге немесе литрі 184 теңге болып бекітілді. Биыл арзандатылған жанар-жағармай тек оңтүстік облыстарға ғана емес, солтүстік өңірлерге де ақпаннан бастап жөнелтіле бастады», - деді Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында.

Одан әрі министр көктемгі егістікке дайындық барысына тоқталды.

«Егіс науқанына кірісуге 160,0 мың трактор, 5 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешені, 78 мың тұқым сепкіш және 226 мың топырақ өңдеу құралы дайындалды. Сонымен қатар, бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияны орындайтын заманауи егіс кешендерінің 5 мыңнан астамы бар. Жалпы, қазіргі күні көктемгі егіс жұмыстарына техникалардың дайындығы – шамамен 93%. Жұмыс басталғанша техника 100% дайын болады», - дейді ол.

Бұған дейін ведомство басшысы биыл егістік алқабының 68,6 мың гектарға ұлғаятынын айтқан еді.