Ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеуде ғарыштық мониторингтің мүмкіндігі зор - Айдын Айымбетов

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов ақмолалық шаруаларға ауыл шаруашылығы жерлеріне ғарыштық мониторинг жүргізудің тиімділіктерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша бүгін Целиноград ауданындағы «Родина» агро фирмасы» ЖШС базасында агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша ғылыми-консультативтік кеңестің отырысы өтуде.

Кеңеске аудан, қала əкімдері, өңірлік кәсіпкерлер палатасы, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы өндірістік орталығының, Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орталығының мал шаруашылығы жəне өсімдік шаруашылығы Солтүстік Қазақстан ҒЗИ өкілдері, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен аграномдарынан құралған 200 астам адам қатысуда.

Айдын Əйімбетовтың айтуынша, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК базасында ғарыштық мониторинг жүргізуге болады. Бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу мəселесін шешуге сеп болар еді.

«Бұл жер телімінің нақты аумағы мен шекарасын, мақсаты пайдалануын жəне көлеңкелі қордағы жерлерді анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жер телімінің нақты картографиясына, егістіктік алқаптардың жағдайына мониторинг жүргізуге септігін тигізеді», - деді А.Айымбетов.