«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие қоржыны 49 млрд. теңгені құрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несие қоржыны 49 млрд. теңгені құрап, 22 200 белсенді қарыз алушыны қамтып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қордың басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекеттік институт болып табылады және өз қызметін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын жүзеге асыруға бағыттайды. «17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасымыз агроөнеркәсіп кешенін инновациялық жолға бағыттаудың маңыздылығын атап өтті. Және «болашақ - аграрлық салада, негізінен, шағын және орта бизнес формасындағым жаңа өңдеу кәсіпорындарын құруда» деп айқын көрсеткен болатын», - деп атап өтті Н.Сарыбаев. Оның мәліметінше, аталған қор 2005 жылдан бері ауылдық шағын несиелеу арқылы ауыл тұрғындарының қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыру бойынша қызмет атқарады. «ҚазАгро» холдингінің көпдеңгейлі жүйесінде Қор бірінші орында келе жатыр. «Жалпы, 2005 жылдан 2014 жылғы 1 тамызға дейін Қор тарапынан 78,6 млрд. теңгеге 85,8 мың несие берілді. Оның ішінде осы жылы 5,7 мың адам 16,4 млрд. теңгенің несиесін алған. Бүгінгі таңда Қордың несие қоржыны 49 млрд. теңгені құрап, 22 200 белсенді азамат қарыз алды», - деп атап өтті Қор басшысы. Оның мәліметінше, Қор ауыл кәсіпкерлерін шағын несиелеу бойынша негізгі институт болып табылады. Былтыр ауылдық кәсіпкерлікті шағын несиелеу нарығында Қордың үлесі - 32,6 пайызды (22,7 млрд. теңге) құрады. Айта кетейік, ауыл тұрғындарын Қор қызметімен қамтуды кеңейту үшін 2013-2014 жылдары Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан филиалдары жанынан Астана, Талдықорған, Семей қалаларында бөлімшелер ашылды. Олар несиелеудің толық циклін орындап, жақын орналасқан аудандар тұрғындарына да кеңес беруден несие беруге дейін қызметтер көрсетуде.