«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» Директорлар кеңесінің төрағасы өзгерді
Ол «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаратын Нұрлан Оспанов. Қордың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл тағайындалуға дейін Н.Елеусізұлы «Қазақстанның ТКШ жаңарту және дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды. Сондай-ақ 19 шілдеден бастап «ҚазАгро» холдингі басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді. Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Директорлар кеңесінің шешімімен төраға жұмысын 30 шілде күні бастаған.
Нұрлан Елеусізұлы Оспанов 1971 жылы Шығыс-Қазақстан облысы Семей қаласында туған. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» және Қазақ гуманитарлық-заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Қаржы министрлігінде 2-ші санатты экономист болып бастаған. Одан кейін әр жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігінде Қаржы департаментінің директоры, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде Халықаралық қатынастар департаментінің директоры, Қаржы министрлігінде Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алулар комитеті төрағасының орынбасары, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның басқарушы директоры, Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.