Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры көктемгі дала жұмыстарына несиелендіруді бастады

None
АСТАНА. 13 наурыз. ҚазАқпарат - «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ «Егінжай» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге АӨК субъектілерін несиелендіруді бастады, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Биыл АӨК субъектілерін қолдау жаңа талаптармен жүзеге асырылуда. Несиенің сомасы 2 млн. теңгеден 6 млн. теңгеге дейін көтеріліп, сыйақы үстемесі 12-ден 9,5 пайызға дейін төмендетілді», - делінген холдинг мәлімдемесінде.

Компанияның мәліметіне сүйенсек, Бағдарлама 2010 жылы ашылып, шағын жер телімдері бар фермерлік шаруашылықтар, шаруа қожалықтары, жеке азаматтарды қолдауға бағытталған. Үш жылдың ішінде Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 1732,6 млн. теңгеге 774 жобаны өз қаражатынан қаржыландырды.

«Егінжай» бағдарламасы талаптарын әзірлеуде ауыл шаруашылығының маусымдылығы еске алынып, несиені қайтару - екі астықты сатудан кейін қарастырылған, бұл ауыл шаруашылық тауар өндірушілері үшін аса маңызды жеңілдік.

Шит мақта өсіретін ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін несиелендіру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры «ҚазАгро» холдингінен 1 млрд. теңге сомасында займ тартты. Бұл қаржы ауыл тұрғындарына шағын несие ұйымдары арқылы беріледі. 2012 жылы мұндай тәжірибе «Ырыс» ШНҰ-мен келісім шарттың шеңберінде жүзеге асырылған болатын. Жалпы 2013 жылы көктемгі-дала жұмыстарына Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 1,6 млрд. теңге бөлінеді деп жоспарланған.

Көктемнің бірінші күндері «Егінжай» бағдарламасы бойынша 86 млн. теңгеге 22 несие берілді. Осы аптада тағы 104,7 млн. теңгеге 36 несие беріледі деп күтілуде. Қазіргі таңда оңтүстік аймақтарда тұратын шаруалар көктемгі дала жұмыстарына кірісті.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрамына кіретін мамандандырылған қаржы-несиелік ұйымы болып табылады. Қордың негізгі міндеті - қаржылық қызметтер мен ресурстарға ауыл тұрғындарының қол жетімділігін арттыру.