Бүгінгі таңда астық өндірісі агроөнеркәсіп кешенімен қатар жалпы республика экономикасында жетекші орын алады. Әлемдегі астық экспорттаушы елдердің алғашқы бестігінен көріну мақсатында еліміз сапалы өнім өсіріп, бағалы астық экспортының көлемін ұлғайту саясатын басшылыққа алған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жылдағы дәстүр бойынша күз түсе астықты өңірлерді аралап, дала төсін дүбірге бөлеген диқандармен кездесті.
Астық өндірісіндегі басты тұлға - жер баптаған диқан қауымының бітік егін өсіріп, сапалы өнім жинауы қалай десек те ауа райының қолайлы болуына байланысты. Күн қабағын баққан егіншілер үшін биылғы маусым қолайлы болды. Ел ырызығы - егін жақсы өсті, ендігі міндет - оны шашпай-төкпей қамбаға құйып алу. Осы тұрғыда күннің әр ашық сәтін ұтымды пайдалану үшін диқаншының қажетті бар техникамен толық жарақтандырылып, науқанға сақадай-сай әзірлікте болуы аса маңызды.
Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көк-шетаудағы ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» серіктестігінде болып, кәсіпорын ұжымымен кездесті.
Жалпы, Еуразиялық экономика¬лық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индус-триалдық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынған болатын.
Белоруссияның коммуналдық және ауыл шаруашылығы саласындағы озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту мақсатын көздеген жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы «Минск трактор зауыты» ААҚ және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС бірлесіп, «МТЗҚ АИК» серіктестігін құрған еді. Бұл жоба сол жылы өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен Индустрияландыру картасына енгізіліп, кейін инженерлік инфрақұрылымды тарту мәселесі де шешімін тапты. Жалпы беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы бастау алған 2010 жылдан бергі уақытта 7 түрлі 500 дана техника құрастырылып шығарылды (5 млн АҚШ доллары). Оның бәрі де - қазақстандықтар тарапынан сұранысқа ие коммуналдық және ауыл шарушылығы техникалары.
Бүгінде бірлескен кәсіпорын нарыққа шығарып жатқан тракторлардың бағасы қолжетімді, сапасы талапқа сай. Сондықтан кәсіпорын өнімдері тұтынушылар тарапынан жақсы сұранысқа ие. Қазір тракторлардан бөлек жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрі шығарылып, кәсіпорынның өндіріс көлемі арта түсуде.
Елбасы жұмыс сапары аясында Ақмола облысы жұртшылығының өкілдерімен кездесті. Кездесуге ардагерлер, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және жастар ұйымдарының жетекшілері, сондай-ақ бизнес қоғамдастығының өкілдері қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Президенті жиналғандарға арнаған сөзінде Тәуелсіздік жылдарында мемлекет тұрақты экономикалық өсім мен жоғары әлеуметтік стандарттарды қамтамасыз ете алғанын атап өтті.
- Бүгінгі таңда Қазақстанға келген инвестиция көлемі 250 миллиард АҚШ долларынан асты. 1995 жылдан бері қазақстандықтардың табысы 40 еседей өсті. Тұрғындар әл-ауқатының артуы өмір жасының ұзақтығын 67-ден 72 жасқа дейін ұзартуға мүмкіндік берді. Бала туу өсімі - 60%. Бұл орайда балаларға төленетін жәрдемақы өсімі 7 еседен асты, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың басты қайнар көзі аграрлық сектор екенін атап өтті.
- Астананың бір ғана азық-түлік белдеуі аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін 85 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн мен егін егетін кешен сатып алынды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу аясында Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин өңірдің негізгі әлеуметтік және экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ оны дамыту перспективалары туралы баяндады.
Мемлекет басшысына қазіргі маңызды науқан - егін орағының барысы туралы баяндалды. Бүгінгі күнге дейін облыс шаруашылықтары 3,6 миллион гектардың астығын бастырған. Бұл - барлық егіс алқабының 82 пайызы. Әр гектарға шаққанда орташа астық түсімі 13 центнерден айналуда.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбасының амандық-саулығы мен жаңа табыс және бақ-береке тіледі.