Ауыл шаруашылығына қомақты қаражат бөлінгенімен, одан нәтиже жоқ - Ж. Дүйсебаев

АСТАНА.  19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығына қомақты қаражат бөлінгенімен, одан күтілетін нәтиже жоқ болып отыр.

Бүгін Парламент Мәжілісінің  жалпы отырысында  Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жексенбай Дүйсебаев осылай мәлім етті.

«Халқымыздың 45 пайызынан астамы ауылда тұратынын, жер көлемі бойынша әлемде 9 орында тұрғанымызды, оның ішінде жайылымдық көлемі бойынша әлемде 5 орында тұрғанымызды ескерсек бүгінде ауыл мәселесі, оның ішінде  ауыл шаруашылығын дамыту ең бір өзекті жағдай. Соған қармастан қазіргі уақытта азық-тілік өнімдерінің 60 пайызына жуығын шетелден алдырып, яғни импортқа тәуелді болып отырғанымыз әрине өкінішті. Бұл дегеніңіз бөлініп жатқан қомақты қаржылардың ауылдағы шаруашылық ұжымдарға дер кезінде жетпейтіндігінде. Тіпті кейбір белгісіз себептермен бюджеттен бөлінген қаржылардың құмға сіңген судай орта жолда қалып, соның салдарынан түпкілікті нәтижеге қол жеткізбей жатқанымызда», - деп атап өтті Ж. Дүйсебаев.

Мәселен, депутаттың айтуынша, биылғы жылғы бюджеттен ауыл шаруашылығын дамытуға 318 млд. теңге қаржы бөлінсе, оның 80 млд. теңгесі егінді алқаптарды дамытуға көзделген. Өкініштісі осындай қомақты қаржы бөлінгегіне қарамастан мал шаруашылығына  субсидиялар тек 7 ай өткеннен кейін ғана қолға тиеді. Онда да шаруалардың барлығы бірдей бұған қол жеткізіп отырған жоқ.

«Ал егін алқабында жүрген шаруа қожалықтары субсидияны осы күнге дейін  ала алмай жүргендіктері таң қалдырады.  Қаржы бар да, нәтиже жоқ. Осыған тағы бір дәлел, 2013 жылғы бюджетте ауыл шаруашылығына бөлінген қаржы 239 млд. теңге болса, оның егін алқабына  тиесілісі 40-ақ млрд. теңге ғана. Бұл дегеніңіз былтырғы бюджетпен салыстырғанда 80 млрд. тенгеге жуық қаржы кемігенін көрсетеді, оның ішінде егістікке бөлінген қаражат екі есеге аз болып отыр. Биылғы қуаңшылықты ескерсек, керісінше  егін алқабына қаржы екі есе көп бөліну керек еді», - дейді депутат.