«Бүгінде мемлекет тарапынан агросекторды мемлекеттік қолдау іс жүзінде бюджетте қарастырылған қаржылардан тұрады. Яғни, ол бағытта - 240 млрд теңге, ал көктемгі егіс жұмыстарына - 60 млрд теңге жұмсалып отыр. Бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке жыл сайын республикалық бюджеттен 100 млрд теңге және Ұлттық банктен бөлінетін 600 млрд теңгеден ауыл шаруашылығы квотасына 200 млрд теңге бөлуді тапсырды. Яғни, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау екі есеге артуда», - деді Өмірзақ Шөкеев ҚР Президентінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген тапсырмаларды орындау мәселелері бойынша өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында.
Өмірзақ Шөкеев енді Аауыл шаруашылығы министрлігі алдында тұрған міндет осы қаражаттарды тиімді пайдаланып, басқа ресурстардың секторға жұмылуының қозғаушы күші ретінде әрекет етуінде екенін атап өтті. Яғни, осы 300 млрд теңге АӨК саласына көптеп қаражат тартуы керек. Бұл үшін Мәжіліс депутаттарымен бірге жаңа қаржы құралдарын қарастыратын заңнамалық актілерге түзетулер әзірленген. Олар - аграрлық қолхаттарды енгізу, аграрлық сақтандыруды жетілдіру, сондай-ақ кредиттік серіктестіктер жүйесін дамыту. Осы құралдарды іске асыру үшін заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер пакеті қалыптастырылды. Ол қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің қарауында. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аталған заң жобасын жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланып отыр.