12:57, 26 Наурыз 2009
Ауыл шаруашылығының импортқа тәуелді секторы қосымша қаржыландырылады
АСТАНА. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ауыл шаруашылығының импортқа тәуелді секторы қосымша қаржыландырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде өткен алқа мәжілісінде министрліктің жауапты хатшысы Тобылбек Омаров мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауына сәйкес, экспортқа бағытталған өндірісті дамыту және экспортты әртараптандыру мәселелеріне баса назар аударылады. Бұл міндеттерді жүзеге асыру аясында негізгі басымдық аграрлық саланың экспорттық әлеуетін арттыруға қатысты инвестициялық жобаларға беріледі. Сонымен бірге, ауылшаруашылық өндірісінің мемлекеттік сұранысын қанағаттандыра алмай отырған секторы, импортқа тәуелді саласы қосымша қаржыландырылатын болады», - деді Т. Омаров. Оның айтуынша, импортқа тәуелділіктен ажырамай отырған салалар бойынша жылыжай шаруашылықтарын дамыту, жеміс-жидек сақтау қоймаларын салу, тамшылатып суару технологиясын енгізу арқылы көкөніс өсіру, ірі сүт өнімдері тауарларын өндіру фирмалары мен жергілікті бағыттағы құс өсіру фабрикаларын салу мәселелері жатады. Жауапты хатшының сөзіне қарағанда, аталған инвестициялық жобаларды ұйымдастыру мақсатында Дағдарысқа қарсы бағдарлама шеңберінде қосымша 120 млрд. теңге қарастырылған.
«Ауыз су» салалық бағдарламасы бойынша да тиісті жұмыстар жалғасып, бұл бағытта 30 миллиардқа жуық теңге бөліну көзделеді. Жүктелген міндеттерді ұзақ мерзімді перспективада жүзеге асыру барысында аталған сала экономиканың басқа да бағытын дамытуға септігін тигізеді әрі 500 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды», - деді Т. Омаров.