Ауыл шаруашылығының жалпы ішкі өнімі соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 11 пайызды құрайтыны болжанады - А. Күрішбаев

А.  Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Биылғы жылы ауыл шаруашылығы өндірісінің жалпы ішкі өнімдегі көрсеткіші 11 пайызға дейін артатыны болжанады. Бұл соңғы 8 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Бүгін   Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қатысуымен өтіп жатқан агроөнеркәсіп кешені республикалық кеңесінде  Ауыл шаруашылық министрі Ақылбек Күрішбаев осылай мәлім етті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аяқталғалы отырған жыл экономиканың аграрлық секторы үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығына және қаржылық дағдарыстың әсеріне қарамастан, салада даму қарқыны басталды. Мәселен, егін шаруашылығы жылды табысты аяқтап отыр. Барлық дақылдар түрі бойынша дерлік өндіріс көлемі артты. Өсімдік майы дақылдарын өндіру 700 мың тонна шамасын құрады, бұл рекордтық көрсеткіш. Бұл алғаш рет өсімдік майына сұраныстағы норманы еліміздің өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жеткенін білдіреді», деді А. Күрішбаев.

Министрдің айтуынша, былтырғы жылмен салыстырғанда күріш, картоп және жеміс-жидектер мөлшері 20-25 пайызға артқан болса, мал шаруашылығы үшін жем дайындау былтырғыдан 20 пайызға өскен. «Мал шаруашылығы саласы да тұрақты даму қарқынын сақтады. Бұл сала бойынша да мал басы өсімі сақталып, саланың өнім өндіру ауқымы 4-6 пайызға жетті», деді А. Күрішбаев.