Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Тито Сыздықов ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің атына сауал жолдап, санитарлық авиация туралы мәселеге назар аударуын өтінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған қызмет түрі Кеңес Одағы кезінде ауыл тұрғындарына өте қажетті және мемлекет тарапынан қомақты көмек көрсетілетін саланың бірі болғаны анық. Бірақ 1990 жылдардан бастап санитарлық авиацияны қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, бұл медициналық көмек еліміздің өңірлерінің, әсіресе, шеттегі ауыл тұрғындарының қолы жетпейтін сала болды. Дегенмен қазір елімізде оң қадамдар жасалуда. Өткен жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексі қабылданды. Оның 50-ші бабына сәйкес санитарлық авиация - шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны болып бекітілді.
Депутат өз сөзінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметтің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысымен санитарлық авиация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне енгізілгенін айтып өтті.
Сонымен заңдар қабылданып, соған орай заңнамалық актілер мен қаулылар шығарылды. Ал тұрғындарымыз болса: «Республикада санитарлық авиация қайтадан жаңаратын кез қашан келеді?» деп күте-күте шыдамдары таусылатын болды.
«Үстіміздегі жылы Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған апаттар мұндай жағдайда тікұшақтардың өте қажет екенін айқындап берді. Қанша адамның өмірі тікұшақтың арқасында аман қалды! Сол секілді жай күндерде де ауыл тұрғындары қатты сырқатқа тап болған жағдайда оны ауруханаға жеткізудің қиындығы өте көп. Қала тұрғындарына жедел медициналық көмекті көрсеткенде шетелдік автокөлікті жібереді, ал ауылдарда тек қана ескі «УАЗ» машиналары жүреді. Әйелдер жүктiлiк кезеңінде ондай машинамен ауруханаға қалай жетеді деп ойлайсыз? Меніңше, мемлекетіміз Конституция бойынша барлық азаматтарымызды бірдей қорғап, қамқорлыққа ала білуі керек. Себебі біздің адамдарымыздың саны сонша көп емес қой - біз үшін әрбір адамның өмірі қымбат!»,- деді Т.Сыздықов.
Аталған мәселе бойынша депутат Үкімет басшысынан «Қазіргі кезде санитарлық авиация туралы заңнама қалай орындалып жатыр, ол үшін мемлекет тарапынан қанша қаражат бөлінген?» және «Заң бойынша қай облыстарда және қашан санитарлық авиациялардың жұмысы басталады?» деген сұрақтарға жауап беруін өтінді.