«Жаз айларында біздің депутаттар өңірлерге сапар жасады. Әрқайсысында көптеген сауалдар, тұрғындар көтерген мәселелер жинақталған. Әрине, көптеген өзекті мәселелер бар. Өткен Жолдауда да жүзеге асырылған дүниелер бар және кейбір сәттер әлсіз тұстарын көрсетті. Биылғы Жолдау азаматтар көтерген көптеген сұрақтарға жауап берді деп ойлаймын», - деді Ю. Кучинская «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің баспасөз орталығында өткен сараптамалық талқылауда.
Депутат жазда Ақмола облысына жасаған сапары туралы айтып берді.
«Ауылдық жерлердегі тұрғындарды не толғандырды? Ең алдымен – ветеринарлық қызмет, ветеринария қызметін дамыту мәселесі. Ауылдық жерлерде мал әртүрлі инфекциялардан қырылды, ал ветеринар мамандар жетіспеді. Бұл мәселе өте өзекті және оны көтеру маңызды. Егер мұны айта бастасақ, мәселені шешуге де көшеміз. Егер Үкімет таяу болашақта назар аударуы тиіс негізгі мәселелер жоғары деңгейде белгілесе, Жолдаудың маңыздылығы сол болмақ», - деп атап өтті Ю.Кучинская.
Депутаттың айтуынша, ауыл тұрғындарын жеке қосалқы шаруашылықтарын дамыту мәселесі толғандырады.
«Біздің депутат ретіндегі міндетіміз – мұның бәрін заң жүзінде ғана емес, іс жүзінде орындалуын да қамтамасыз ету. Шағын моноқалаларды дамыту өте маңызды мәселе болып отыр. Мен Степногорск, Атбасар қалаларында болдым. Дәурені өткен, бос тұрған кәсіпорындарды көрген өте өкінішті. Президент көтерген мәселелердің барлығы өте маңызды. Біз моно және шағын қалаларды дамыту жөніндегі бірнеше бағдарламаны іске асырдық, бірақ, өкінішке орай бұл қалалардың экономикасы мен инфрақұрылымы мәз емес. Ал онда миллионнан астам адам тұрады», - дейді Мәжіліс депутаты.