Елбасының тапсырмасына сәйкес алыс ауылдардағы тұрғындардың сапалы медициналық көмекке деген қолжетімділігін арттыру үшін республика Үкіметі жалпы сомасы 4,3 миллиард теңгеге 50 жылжымалы медициналық кешен сатып алу туралы шешім қабылдады.
Көкшетаудағы «Камазинжиниринг» кәсіпорны шығаратын КамАЗ көлігіне орнатылатын жылжымалы медициналық кешендер заманауи медициналық жабдықтармен жарақталып, дәрігерлер бригадаларымен жасақталады.
Медициналық кешендер Елбасының 2010 жылғы 29 қарашадағы №1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыруға қолдау болады. Қолға алынып отырған шаралар 2,2 миллионнан астам ауыл тұрғынын медициналық бақылаумен қамтуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Мұндай кешендер «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарын іске асыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ЖМК дәрігерлері жыл сайын халықтың жалпы санының және профилактикалық тексерулердің кем дегенде 30 пайыз бөлігін қамтитын халықтың нысаналы топтарына арналған ұлттық скринингтік бағдарламалар кешенін өткізеді. Бұл ауруларды ерте анықтауға, оларды уақтылы емдеуге, сондай-ақ асқынуларға, мүгедектікке және өлім-жітімге әкеп соғатын аурулардың ауыр белгілерін тоқтатуға мүмкіндік береді.