Ауыл тұрғындарының тек 20-25 пайызына ғана спорт ғимараттары қолжетімді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл тұрғындарының тек 20-25 пайызына ғана спорт ғимараттары қолжетімді. Бүгін Мәжілісте өтіп жатқан бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті.

«Біз соңғы кездері спорт нысандарын шалғайдағы ауылдарда салуға мән беріп отырмыз. Өйткені, ірі қалаларға жақын ауыл тұрғындарының спортпен қамтылуға жағдайлары біршама баршылық. Жалпы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 36 мың спорттық ғимараттар бар, оның ішінде 24,5 мың спорт нысандары білім беру мекемелеріне қарасты болып табылады. Сонымен қатар, талдау нәтижелері көрсеткеніндей, халықтың спорт залдарына сұранысы шамамен 43 пайызды құрайды, ал нысандар тапшылығы 56 пайыз болып отыр. Соның ішінде ауылдық жерлердегі спорт нысанының тапшылығы 86 пайызға жетіп отыр», деді А. Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, осының өзі ауылдағы тұрғындардың тек 20-25 пайызының ғана дене шынықтыру және спорт нысандарына қол жетімді екенін көрсетіп отыр.

«Біздің министрлік «100 мектеп» пен «100 аурухана» жобасы секілді «100 дене шынықтыру кешені» құрылысын салуға бастама көтеріп жүр. Шындығында, спорт залдар мен дене шынықтыру кешені көптеп салынса, онда «100 аурухана» жобасының қажеттілігі де азаяр еді», - деді министр.