Ауыл тұрғыны мотоцикл қозғалтқышы бар трактор құрастырды
Өмірзақ ағаның құрастырған тракторы ауыл жұртшылығына жақсы танымал. Қарапайым ғана ауыл тұрғыны қолда бар темір-терсектен трактор құрастырып, өзінің игілігіне пайдалануда. Көлік шағын әрі ыңғайлы. Тіркемесі тағы бар. Малдың жем-шөбін, үйдің отын-суын тасуға таптырмас дүние.
Бүгінгі күні ең арзан трактордың бағасы кем дегенде 4-5 млн. теңгеден асып жығылатыны белгілі.
«Жасыратын түгі жоқ. Негізгі бөлшектерін алуға 60 мың теңге жұмсадым. Қалған темір-терсегінің барлығы өзімнен шықты. Дәнекерлеуші маман болғандықтан трактордың қыр-сырына қанықпын», - дейді өнертапқыш.
Трактордың моторы мотоциклдікі болғандықтан жанармайды аз қолданады. Бастысы, үйдің шаруасына жарап тұр. Өмірзақ Ермаханов заманға лайықталған бұл көлікті келешекте жетілдіріп, басқа да игілікке пайдалану ойда барын жасырмайды.