Ауылда пошта арқылы көрсетілетін қызметтер мемлекеттен субсидияланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенатың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылап, құжатты қабылдады. Енді Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Аталған құжат арқылы қолданыстағы заң нормалары «Пошта туралы» жаңа редакциядағы заңның нормаларына сәйкес келтіріледі. Соған байланысты екі кодекс пен он заңнамаға өзгерістер енгізіледі. «Заң жобасындағы негізгі өзгеріс ауылдық елді мекендерде пошта саласында көрсетілетін әмбебап байланыс қызметтері үшін мемлекет тарапынан субсидиялауды қамтамасыз ету болып табылады», - деді сенатор Асхат Күзеков.

Тұтастай алғанда құжат пошта саласын ұйымдастырудың қазіргі заманғы халықаралық стандарттарына сай келетін тиімді жүйесін заңнамалық тұрғыдан енгізу жолымен одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, пошта саласындағы қызмет пен пошта байланысының көрсетілетін қызметтерінің түрлері нақтыланып, кеңейтіледі. Мәселен, бұл ретте пошта байланысының қолданыстағы жүйесінен бөлек қаржылық қызметтер, банктік операциялар, көлікпен көрсетілетін қызмет пен агенттік қызметтері қамтылып отыр.