12:56, 22 Мамыр 2009
Ауылдағы азаматтар адвокаттардың көмегіне аса зәру болып отыр ? Жоғарғы сот судьясы
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Нарық экономикасының дамуы республика тұрғындарының бірнеше тапқа бөлінуіне соқтырды.
Өз кезегінде бұл үдеріс еліміздегі аз қамтылған отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға сапалы заңдық қызмет көрсетуде бірқатар проблемалар тудырып отыр. Өйткені осы санаттағы азаматтар қажет кезінде әлеуметтік жағдайының төмендігіне байланысты адвокаттардан бас тартып, кәсіби емес немесе заңдық білімі жоқтардың көмегіне жүгінуге мәжбүр», - дейді Жоғарғы сотың судьясы Сансызбек Райымбаев. Бұл туралы ол бүгін Жоғарғы сотта «Азаматтық сот өндірісіне қатысушылар институтын жетілдіру мәселелері» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Судьяның айтуынша, қазір аз қамтылған отбасылар мен әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған азаматтар адвокаттардың көмегіне аса зәру. Егер бұл мәселе еліміздің ірі қалалары мен облыс орталықтарында біршама шешілген болса, ауылдық аймақтардағы қалыптасқан жағдай мүлдем мүшкіл. «Жоғарғы сот осыған дейін Әділет министрлігіне еліміздің 20-дан астам ауылдық аймақтарында кәсіби адвокаттардың жоқ екендігін айтқан болатын. Жалпы сот ісін қарау барысында айып тағылып отырған азамат өзіне адвокаттың қажеті жоқтығы жөнінде арыз беретін болса, әділ сот туралы қалай сөз қозғауға болады», - деді судья. Оның келтірген мәліметтеріне қарағанда, республика көлемінде бүгінде 3 мың 625 адвокат бар. Судьяның пікірінше, бұл мүлдем аз. Өйткені адвокаттардың саны судьялардан әлдеқайда көп болуы қажет. «Ал бізде 1 судьяға жалғыз адвокаттан келеді. Ал ауылдық аймақтарда 3 судьяға 1 адвокаттан», - деді С.Райымбаев.