Ауылдағы денсаулық жүйесін қаржыландыруға 3 жылда қанша қаржы бөлінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отырған адамдар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«3 жылдың ішінде ауылдағы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 трлн 231 млрд теңгені құрады. 2023-2025 жылдарға шамамен 2 трлн 646 млрд теңге қаражат көзделген. 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ауылда шамамен 6 млн адам тіркелген, осы көрсеткіш 79 пайызын құрады. Бұл ретте, 1,5 млн адам әлі күнге дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр», - деді А. Ғиният ауылдағы денсаулық сақтау мәселесін талқалуға арналған Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды іске асырудың арқасында медициналық қызметтерді қаржыландыру 2,1 есе өсті. Оның ішінде:

- профилактикалық медициналық қарап-тексерулер – 2 есе;

- консультациялық-диагностикалық қызметтер – 1,5 есе;

- стационарлық көмек – 1,2 есе;

- жоғары технологиялық медициналық қызметтер – 2,2 есе;

- медициналық оңалту 1,5 есе ұлғайды.

«Сонымен қатар, қымбат КТ, МРТ және ПЭТ зерттеулерінің өсуі байқалды», - деді министр.