Ауылдағылар қала халқына қарағанда аса жоғары энергетикалық құнды тамақтармен тамақтанады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің 2014 жылғы үй шаруашылықтарының іріктеме зерттеу деректері бойынша елімізде тамақтану калориясы шекті деңгейден төмен халықтың үлесі 1,3 пайызды құрап отыр.

«Бұл көрсеткіштің айтарлықтай саралануы халықтың тұрғылықты жеріне қарай байқалады. Атап айтқанда, 2014 жылы қалалық жердегі тамақтану калориясы шекті деңгейден төмен халықтың үлесі ауылдық деңгейден 2еседен астам өсті. Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық ауылдық жердегі халықтың тұтынған тамақ өнімдерінің аса жоғары энергетикалық құндылығымен, сондай-ақ олардың тұтыну рационының теңгерімделгенімен түсіндіріледі», - делінген баспасөз баянында.

Мәліметтерге қарағанда, тамақтану калориясы шекті деңгейден төмен халықтың саны қалалық жерлерде 177,6 мың адамды құраса, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 60,4 мың адам болып отыр. Сонымен қатар, деректерге үңілсек, 2014 жылғы тұтынылған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы күніне орташа жан басына 3 213 ккал құраған.

«Егер халық тұтынған тамақ өнімдерінің химиялық құрамын қарастыратын болсақ, онда қалада майлардан тұратын (ет, ет өнімдері, балықтың майлы түрлері) тамақ өнімдерін көбірек тұтынатындығын, ал ауылдық жерде көмірсулармен бай (жарма өнімдері, макарондар, нан және сол секілді ) тағам басым екендігін атап айтуға болады. Бұл қала мен ауыл арасындағы осы тамақ өнімдерінің құны және қолжетімділік айырмашылығына негізделіп отыр», - делінген баспасөз баянында.