Ауылдан білім алып, тәрбиеленіп, түлеп ұшқан соң оны ұмытып кету адамгершілікке жатпайды – кәсіпкер Т.Юсупов
Оған Алматы облысы бойынша 14 команда қатысып, 115 жас былғары қолғап иелері сынға түсті. Аталған шараның ұйымдастырушыларының бірі - «Райымбек аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Білім беру ісінің үздігі, Алматы облысы мәслихатының депутаты Бекболат Бірбаевтың айтуынша, бұл жарыс осы ауылдың тумасы Тілек Юсуповқа деген құрмет болса, екіншіден жастарды спортқа баулу болып табылады. «Ерім деген - ел болмаса, елім дейтін - ер қайдан шығады» демекші бұл ауылдың тұрғындары да өз азаматтарын құрметтей білетін, бірлігі жарасқан ауылдың бірі екен. «Ол жігіт әрқашан ауыл мектебіне көңіл бөліп, демеушілік жасап жүреді. Былтыр қыста спорт мектебіміздің әр ауылдағы филиалдары қатты қысылған уақытта ол көмір, суына көмектесті. Сонымен қатар аудан көлемінде спортттық жарыстар өте қалса демеушілік жасап тұрады», -дейді Б.Бірбаев. Сондай-ақ ол Алматы қаласында кәсіппен айналысып жүрген Тілек Юсупов ауылға мешіт салып беріп, әрдайым ауылдың көркейуіне үлес қосып жүретіндігін мақтан тұтандығын жеткізді. 9 мыңға жуық халқы бар бұл ауылдағы спорт мектебіне тоқталсақ, онда спорттың 8 түрінен үйірме бар. Жалпы бұл мектепте еркін күрестен балалар жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, ауыл мерейін асқақататып жүр екен. Мәселен осы ауылдан шыққан Руслан Жұмабеков Азия ойындарының чемпионы атанған. Сондай-ақ бүгінгі таңда бұл мектепте қыздар күресі де жақсы дамуда екен. Еркін күрестен Гүлбақыт Нұрғазиева есімді қыз бала Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанса, Азия ойындарының 2 дүркін чемпионы болған. Күрестің осы түрінен Айдана Қырғызбай, Гауһар Ермекбай және тағы басқа дарынды жастар ел намысы үшін сынға түсіп жүрсе, ауыр атлетикадан Назерке Әкімқожа Қазақстанның жасөспірімдер құрама командасының қатарына іліккен. «Ауылымызда спорт жақсы қарқынмен дамуда. Осыдан 3 жыл бұрын бокс үйірмесі де ашылды. Біздің мекен таулы болғандықтан қыстық спорт түрлерінен шаңғы тебуде жақсы дамып келеді. Міне, 4-5 жыл болды спорттың осы түрінен оқушылар мен үлкендер де Алматы облысы бойынша бірінші орында келе жатыр», -дейді спорт мектебінің директоры.
Қазір бұл спорт мектебінде 800-дей оқушы тәрбиеленіп жатыр. Сонымен қатар аудан бойынша осы спорт мектебінің 17 бөлімшесі жұмыс істеуде. Жаттықтырушы Б. Бірбаев, «балалардың көше кезіп кетуіне жол бермей, спортқа тарту біздің басты мақсатымыз», - дейді.
Жастардың жаппай спортқа бет бұра бастағанына жаттықтырушылар қуанышпен жеткізді. «Қазір ауыл жастары мешітке барып, имандылық жолына түсіп жатқандары, спортпен айналысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен ден қоя бастағандары бізді қатты қуантады. Бұл мектебімізде жастардың спортпен айналысуына барлық жағдай жасалып, оның барлығы ақысыз болуынан деп білемін», -деп атап өтті Б.Бірбаев.
Сонымен қатар ол Тілек сияқты азаматтар өзінің кіндік қаны тамған ауылына жағдайы келгенше көмектессе нұр үстіне нұр болар еді деген тілегін де жасырмады. «Қазір қалталы азаматтардың көбі ауылға мән бере бермейді. Әр азамат өз ауылының өркендеуіне кішкентай да болса қол ұшын берсе жаман болмас еді», -дейді спорт мектебінің директоры.
Мамандардың айтуынша, аудандағы кіші ауылда жұмыс істеп жатқан бөлімшелерде спорт залдары жетіспей жатады екен. 90-шы жылдары жабылып, тоналып кеткен мәдениет үйлері қазір ақырындап қолға алынып жатқанымен, спорт үйірмелерін ашатын ғимараттар әлі де жетіспейді екен. Осы тұста осы ауылдың азаматы ретінде Бекболат Бірбаев: «Біздің ауыл ең шалғай жатқан елдімекеннің бірі. Сондықтан мына мәдениет ошақтарына жағдай жасалып, көңіл көптеп бөлінсе жақсы болар еді»,-деген өтінішін білдірді.
Жалпы балалардың спортта жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуі жаттықтырушыларға байланысты екендігі белгілі. Алайда ауылдағы спорт мектептерінде білікті мамандар жетіспей жататындығы көңіл қнжылтады. Осы тұста ауыл спортына да үлкен мән беріліп, спорт шеберлерін ауылға көптеп тартса деген ойға қаласың.
Қазіргі уақытта көптеген қалталы азаматтар өзінің туып-өскен ауылына жәрдемдесе бастады. Солардың бірі осы Нарынқол ауылының тумасы, қазір Алматы қаласында өзінің жеке кәсібімен айналысып жүрген жоғарыда атап өткен Тілек есімді жігіт. Ауылына айына бір рет барып тұрмаса сағынып тұратын бұл азамат әрқашан ауылдағы мектепке, спорт мектебіне, сондай-ақ мешіт сияқты елге қызмет көрсететін мекемелерге шамасы келгенше көмектесіп тұруды парызым деп санайды екен. «Осы жерден білім алып, тәрбиеленіп ұшып шыққан соң ауылды ұмытып кету адамгершілікке жатпайды деп білемін. Осы ауылымыз өркендеп, мәдениеті ұлғайғанын көру біз үшін арман. Елбасы Н.Назарбаевтан бастап қазір ауылға үлкен мән беріліп, оны дамытуға күш жұмсалып жатыр. Ақындар да, елі үшін ештеңеден тайынбайтын ержүрек азаматтар да ауылдардан көптеп шығатыны белгілі. Сондықтан оларға әрқашан жәрдемдесіп, ауылдың құрып кетуіне жол бермеген жөн», -дейді Нарынқол ауылының құрметті азаматы Тілек Юсупов.
Өз еңбегінің жемісін ауыл жастарына өнеге етіп көрсету орта буын үшін парыз деп санайтын Тілек өмірімнің соңына дейін ауылды естен шығармай, оның көркейуіне шама келгенше жағдай жасап тұруға дайын екендігін айтады. «Ауыл балалары арасында дарынды балалар көптеп шығып жатады. Сол ауылдан шыққан жеке кәсіпкерлер сондай балаларды демеп, одан әрі жақсы жетістірге жетуіне жағдай жасаса жөн болар еді», -дейді ол. Алматы қаласында «Ниет» спорт кешенін ашқан Тілек дарынды жастарымыз еліміздің көк жалауын шетелде желбіретіп алып шықса соның өзі үлкен ғанибет, елге деген сүйіспеншілік емес пе деген ойда. «Ауылдан қалаға келіп, жұмыс таба алмай жүрген дарынды балаларды көріп спорт мектебіме тартқан едім. Өйткені олардың қайсарлығын, ержүрек екендігін байқадым», -дейді Тілек Баудунұлы.
Өткен жылы ол өзінің спорт клубында дайындалып жүрген жастарды Канададаның Таронта қаласында ушу-сандодан өткен жарысқа өз қаражатымен апарған. Жігіттер де намысқа тырысып, жақсы өнер көрсетіп, үшінші орынды иеленіп келіпті. «Таронта қаласының орталық стадионында Қазақстанның көк туы көтерілгенде атқарған еңбегімнің барлығы ақталды деп есептедім, әрі ел намысын асқақтатқан кезде төбем көкке жеткендей болды», -дейді кәсіпкер.
Сонымен қатар Қытайдың Чан-чунг қаласына ушу-сандодан әлемдік кубок үшін апарған жігіттерінің ішінде Идиллаев Наржан екінші орынға қол жеткізген. Қазір ол 91 келі салмақта Қазақстан бойынша үздіктердің қатарынан көрінуде екен. «Жақында тай-бокстан Қазақстанның біріншілігі өтті. Онда менің төрт шәкіртім бірдей алтын алқа иегері атанды. Сондай-ақ Талғат деген інішегім Өзбекстанда болатын әлемдік чемпионатқа жолдаманы ұтып алды. Құдай қаласа күздігүні Өзбекстанға апаратын жігіттерім жақсы өнер көрсетіп, сол жерде еліміздің туы көтеріліп, әнұраны ойналады деген үлкен сезімдемін», -деп атап өтті өз сөзінде Тілек Юсупов.
«Ниет» спорт кешенінде дайындалып жүрген жастар клубқа ешқандай қаражат төлемейді екен. Оның жылуын, салығын тағы басқа шығындарын кәсіпкер өз мойнына алған. Кәсіпкер спортшылар қаражат жағынан қысылмай, алаңсыз спортпен айналысу керектігін алға тартады. Сондай-ақ ол клубында дайындалып жүрген жастар түрлі жарыстарға кетіп бара жатқанда еліміздің туын желбіретіп, намысты абыройлы қорғап келсең ұнатқан автокөлігіңді әуежайға өзім алып барам деп әрқашан жігерлендіріп қоятын көрінеді. «Өзге елде елімнің туы көтерілгенде өзімді бақытты сезінемін, одан өткен мен үшін бақыт жоқ», деп білетін кәсіпкер спорт клубының атын да ырымдап «Ниет» деп атапты. «Кем дегенде 3-4 әлем чемпионын шығарсам мен үшін сол бақыт, сол үшін жұмыс істеудемін. Ағымдағы жылдың қазан айында ушу-сандодан Измирге барамыз. Оған да жігіттерім дайындық үстінде. Оларды ұйымдастырып апару, сол жерге барып олардың өнерін тамашалау мен үшін еліміздің спортына деген сүйіспеншіліктің бір белгісі және содан үлкен ләззат аламын. Оны сөзбен айтып жеткізу қиын. Егер еліміздің ауқатты азаматтары осылай спортқа көңіл бөлсе, сол рахатты сезіне білер еді», -дейді спорт жанашыры.
Тілек сөз соңында еліміздің кәсіпкерлерін спортымызды жоғары көтеруге, жастарымыздың жақсы көрсеткіштерге жетуіне ықпал жасауына шақыратындығын жеткізді. «Болар елдің балалары бірін-бірі батырым дер», -демекші әрқашан жастарымызға қолдау көрсетсек басқа елдер қазақтың бұрынғы мықты батырларының орнын басқан жаңа батырлар көптеп шығып жатыр екен деп, бізден әрдайым именіп жүрер еді деген ойын да білдірді.