Ауылдарда қажетті қондырғы болғанымен маман тапшы – ауыл дәрігері

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Медицина – игі істің шыңы болса, дәрігер – адам жанының арашашысы, мейірімділік пен ізгілік иесі. Медицина қызметкерлері көмекке мұқтаж жандарға ем беріп қана қоймай, жылы сөзімен дем беріп, қаншама науқаста үміт отын жағып келеді. Маусым айының үшінші жексенбісі күні осы бір қастерлі мамандық иелері өздерінің кәсіби мейрамдарын атап өтеді. Мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов аудандық ауруханасының хирургы Дәулет Серғазинді әңгімеге тартқан еді.

Дәулет Қайыртайұлы өзі қазір еңбек етіп жатқан Уәлиханов ауданының тумасы. 2006 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының «Емдеу ісі» факультетіне грантпен оқуға түседі, оны ойдағыдай аяқтаған жас маман оқуын жалғастырып, 2013 жылы интернатураны үздік тәмамдап, хирург мамандығын алып шығады.

«Дипломды қолыма алғасын менде енді қайда барып жұмыс істеймін деген сұрақ туындаған жоқ. Бірден туған жеріме аттандым. Биыл Уәлиханов аудандық ауруханасында хирург болып еңбек етіп жатқаныма 10 жыл толады.


Мамандық таңдарда да басқалар сияқты қайда барамын деген мәселе болған жоқ. Бала кезімнен медицинаға жақын болдым. Өйткені анам біздің емханада рентген-лаборант болып жұмыс істейді. Ал анамның туған сіңлісі хирургия бөлімшесінің аға медбикесі, әрі анестезист медбике болып еңбек етті. Кішкентайымнан солардың қасында жүріп, дәрігерлердің жұмысын көріп өстім», - дейді Дәулет Серғазин.

Маманның айтуынша, өз ісінің маманы болуы үшін ең бастысы таңдаған кәсібіңді жақсы көріп, қызығушылық болуы тиіс. Дәрігер үнемі өзін-өзі жетілдіріп отырмаса – бәрі бекер. Өйткені 80% жағдайда диагнозды науқастың түр-түсіне, өзін ұстауына, жатқан жатысына қарап білуге болады екен.

«Алғашқы жасаған отам әлі күнге есімде. 4-курсты аяқтағаннан кейін Кішкенекөлдегі аудандық ауруханаға жазғы тәжірибеден өтуге келдім. Осындағы жергілікті хирургтар мені соқырішекті алатын операцияға кіргізді. Дәрігердің нұсқауымен жасап шықтым. Ота сәтті өтті.


Хирург болу үшін салқынқандылық қажет. Операцияға кірерде қобалжисың, өйткені алдыңда жатқан адам саған ең қымбат өмірін сеніп тапсырды. Адам ағзасы әртүрлі, сол себепті оны да ескеру керек. Яғни, кітап бойынша, стандарт бойынша болмайды, ота барысында да түрлі жағдай туындауы мүмкін. Мұндайда тез, әрі дұрыс шешім қабылдай алу да маңызды. Басқа медициналық салалардан – кардиология, педиатриядан хабардар болу керек. Батылдық да қажет шешім қабылдау барысында», - дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, аудандық ауруханада ауқымды операция жасауға техникалық мүмкіндік болғанымен, маман тапшы. Ота залында кем дегенде екі дәрігер хирург болуы қажет. Дәулет Қайыртайұлы аудандағы жалғыз хирург. Соған қарамастан білікті маман іріңді қабынулар, флегмона, абсцесстермен түскен науқастарды қабылдап, парапроктит оталар, травматологиялық сынықтарды салу, буындарды салу сияқты, күйікпен түскен ауруларды емдейді. Құрсақ қуысына, соқырішекке, шап, кіндік жарығына ота жасайды. Жұмыс барысында таң қалдырған оқиғалар да болып тұрады екен.


«Науқас келіп, ішінің ауырып тұрғанын айтты. Тексеру барысында ауру белгілері еш диагнозға сай келмейді, сол жағынан болды ауырсыну. Ота жасайтын болып шештік. Ішін жарып қараған кезде, медицинада сирек кездесетін жағдайды көрдік. Ішкі мүшесі керісінше, яғни соқырішегі оң емес сол жақта орналасқан екен.

Тағы бір есімде қалған ерекше ота – гинеколог дәрігерге жүкті әйелді кесарь тілігімен босандыру қажет болды. Мен оған ассистент болдым. Мұндай операцияға алғаш қатысуым. Баланың дүниеге келген сәтін бірінші рет көріп, ерекше әсер алдым», - дейді хирург.

Маманның айтуынша, ауылдық жерде науқастардың контингенті жыл мезгілімен байланысты. Мәселен жазда тұрғындар үйде немесе аулада көбіне құрылыспен, жөндеумен айналысады, яғни жарақаттар көбейеді. Балалар демалысқа шығып, жарақат алуы жиілейді. Қыста қол-аяқ, саусақты үсітумен ауруханаға түсіп, кей жағдайда ампутациялауға тура келеді екен.

«Көбіне соқырішекпен түседі, өт-тас ауруының, ұйқы безінің қабынуымен келеді. Бұл енді өмір сүру салтына байланысты, қуырылған, майлы тамақты жеп қойып, диета сақтамаған кезде болады.

Мен жасаған ең ұзақ операция шамамен төрт сағатқа созылды. Науқас ауыр халде болды. Оған ота жасау үшін облыс орталығынан мамандар санавиациямен көмекке келді. Науқаста тоқ ішектің ісігі болды. Операция барысында ісікті алып, тоқ ішектен «стома», тесік шығардық. Қабынған жерден іріңді тазаладық, осыған 4 сағаттай уақыт кетті.

Ауруханадан тыс көмек көрсететін кездер болып тұрады. Демалыста жүргем, көз алдымда жол апаты болды. Мұндайда демалыстамын деп тұрмайсың, сол жерде жолаушылар мен жүргізушінің хал-жағдайын анықтадым. Ауыр жарақат алғандар болған жоқ, жедел жәрдем көлігі келгенге дейін алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кеңес бердім», - дейді Дәулет Серғазин.

Дәулет Қайыртайұлы медицина саласын таңдағанына өкінген емес.

«Медицина өте ауқымды сала, дәрігердің қай түріне болмасын сұраныс бар, хирург мамандығын меңгеремін деген жастарға қорықпай баруға кеңес беремін. Оны жетік меңгеруге қазір бар жағдай жасалған. Медицина бір орында тұрмайды, өте тез дамып келелі, озық заманауи технологиялар енгізіліп жатыр. Мәселен, осыдан 2-3 жыл бұрын жасалатын емдеу әдістері қазір қолданылмайды. Өйткені, одан да мықты аппаратуралар ойлап табылды. Тек еңбектену және көп оқу қажет болады», - дейді білікті маман.