Ауылдарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі дамымаған және бұл мәселе назардан тыс қалып отыр

АСТАНА. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Ауылдарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі дамымаған және бұл мәселе назардан тыс қалуда.

Бұл туралы бүгін Астанада ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауылдық аумақтар істері жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2008 жылы ауылдарда қайта жаңғырту және құрылыс жұмыстарымен 266 білім беру нысаны қамтылды. 795 нысан күрделі жөндеуден өткен. Сонымен қатар өткен жылы құрылыс шаралары 157 денсаулық сақтау нысанында жүргізіліп, 360 нысанға күрделі жөндеу жасалған. Алда бірқатар проблемаларды шешу керектігіне тоқталған ол, «мәселен, еліміздің 173 ауыл мектептері апаттық жағдайдағы ғимараттарда орналасқан. 47 ауылда сабақ 3-4 ауысым бойынша жүргізіледі, 1289 елді мекенде білім беру ғимараттары 40 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Сонымен қатар 3250 ауыл мектептері соңғы 10 жылда күрделі жөндеуден өтпеген. Атап айтқанда, ауылдарда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі дамымаған және бұл мәселе назардан тыс қалуда», - деді. С. Тұңғышбековтың сөзіне қарағанда, бүгінде 5977 ауылда денсаулық сақтау нысандары бар. 4739 елді мекенде денсаулық сақтау мекемелері бейімделген ғимараттарда орналасқан.