«Ауылды елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау қолжетімділігін 59 пайызға, ал қалаларда 94 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ауылдар мен қалаларды сапалы әрі таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 332 жоба (оның 282-і ауылда, 50-і қалада) қолға алынып, 2018 жылы аталған жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен 93,3 миллиард теңге қарастырылған», - деді министр ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, аталмыш бағытта бөлінетін қаражат 2017 жылмен салыстырғанда, 67,5 пайызға артық. Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек ауыл су мәселесін шешу үшін қаржыландыруды одан ары арттыру амалы қарастырылып жатқанын тілге тиек етті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық қаражат көздерінің есебінен ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту мақсатында қаржыландыруды жыл сайын 100 миллиард теңгеге дейін жеткізу көзделген. Республикалық бюджеттен тыс, бірқатар әкімдіктер осы жобаларды облыс орталықтарында жүзеге асыру үшін бүгінгі күні әр түрлі банктермен, халықаралық қаржылық ұйымдармен белсенді жұмыс жүргізіп жатыр», - деп түйді Жеңіс Қасымбек.