Ауылдарды сумен қамтуға не кедергі: Евниев себептерін атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев ауылды елді мекендерді сумен қамту бағытында қандай мәселелер тежеуші фактор болып отырғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту жұмысына қатысады. 2011-2017 жылдары топтық су құбырларын салуға және қайта жаңартуға 70 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Осының нәтижесінде 44 нысан пайдалануға енгізілді. Халық саны 693,6 мың 240 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылды», - дейді ол бүгінгі Үкімет отырысында.

Арман Евниевтің айтуынша, топтық су құбырлары бойынша 15 жобаны іске асыруға 15 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде 8 жоба аяқталуға жақын. Нәтижесінде халық саны 148 мың адам тұратын 40 ауылды елді мекенде (БҚО, СҚО, Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарында) және 3 қалада (Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал) сумен жабдықтау жақсартылмақ.

«Бағдарламаны іске асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, мақсатты көрсеткіштерге жетудің тежеуші факторлары бар. Оның бірі елді мекендерді сумен жабдықтау саласындағы функциялардың бытыраңқылығы болып табылады. Мысалы топтық су құбыры салынған кезде ауылішілік желілер дайын болмай жатады. Яғни сол бөлімдердің бірі тоқтап қалғанда, халық құрылыс аяқталғаннан кейін бірден ауыз суға қол жеткізе алмайды. Аталған фактілер Павлодар облысында (Беловод, Май) және СҚО-да (Соколов, 2-кезек) кездесті», - дейді ол.

Осыған байланысты елдімекендерді сумен жабдықтау мәселелерін шешу үшін АШМ-ге басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ауылдарды сумен жабдықтау бойынша функцияларды бірыңғай уәкілетті органға беру мәселесін пысықтау тапсырылған.

«Бүгінгі күні аталған мәселелер жергілікті атқарушы органдар мен Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп пысықталып жатыр. Қорытындысында барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, облыс әкімдіктерімен бірлесіп жүргізген жұмыстардың арқасында алға қойылған міндеттерді тиісті деңгейде және белгіленген мерзімде іске асыру мүмкін деп санаймын», - деді Арман Евниев.