Ауылдардың әлеуеті артады - сарапшы

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Ел келешегі үшін маңызды саналып отырған «Нұр Отан» партиясының съезінде Елбасы көптеген айқын міндетті анықтап берді. Соның бірі - ауылдарды дамыту. «ГрИн» Қостанай облыстық азаматтар альянсы» қоғамдық қорының төрайымы Динара Өтебаева енді ауыл тұрғындарының әлуеті артады деп есептейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл жолғы жиында Елбасының, әсіресе, әлеуметтік бағытқа мейлінше екпін салуы көңілімнен шықты. Жеке басым ауыл тұрғындарына ерекше ден қойылатынын игілікке баладым. Оның себебі бар. Біздің Альянс базасында осымен үшінші жыл қоғамдық қабылдау бөлімі жұмыс істейді. Бізге ауыл тұрғындары жиі шағыммен келеді. Көбінің мәселесі - сапалы ауыз су мен көгілдір отын қажеттілігі. Сондықтан да Мемлекет басшысының шалғай елдімекенде тұратын халықтың көкейіндегіні тап басқаны - баршамыз үшін үлкен қуаныш десем, артық айтпағаным. Елбасы ауыз су және газ тапшылығын шешу үшін қазынадан қыруар қаржы бөлетінін жеткізді. Ендігі жерде біз билік пен қарапайым халық арасындағы көпірге айналып, жүйелі жұмыс атқарамыз деп сеніммен айта аламын», - дейді Динара Өтебаева.

Қоғамдық қор төрайымы енді ауылдардың әлеуеті артады деп есептейді. Себебі, ауылдық жерлерді дамытуға бөлінген 90 млрд теңге көп олқылықтың орнын толтырады.

«Әрине, ауылдарда проблема жетерлік. Енді осы мәселелер кешенді түрде шешімін табады. Мемлекет басшысы ауылдарды өсім нүктелеріне айналдыруымыз керектігін қадап айтты. Меніңше, енді әрбір ауылда қандай да бір жаңа жұмыс орны ашылады. Ол дегеніңіз - жастарды ауылда ұстап тұрудың бірден-бір себебі», - дейді ол.

Айта кетейік, Қостанай облысын газдандыруға инвестиция тарту үшін облыс әкімдігі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ арасында жалпы құны 13,4 млрд теңге болатын меморандумға қол қойды. Меморандумда облыстың 9 елдімекенін алғаш рет газдандыру көзделген. Атап айтқанда, Әулиекөл ауданының Әулиекөл, Аманқарағай, Рудный қаласының Қашар кенті, Лисаков қаласының Октябрьский, Қарабалық ауданының Ворошилов және Тоғызақ ауылдары, Денисов ауданының Антоновка және Алчановка ауылдары, Федоров ауданы Федоров селосына газ тартылады.