Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, осы жылдың 18 қаңтарында Тимур Сүлейменов Мәжілісте аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізуді қарастыратын заң жобасын таныстырды. Депутаттар ауыл әкімдерінің қаржылық сауаттылығына, әкімдіктердің кадрлармен, компьютерлік құрал-жабдықтармен және интернет байланысымен қамтамасыз етілуіне назар аудару қажеттігін атап өте келе, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Министр заң жобасының осы бөлігі пысықталатынына сендірген еді.
«Мәжілістің жалпы отырысындағы талқылау Жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын уақытылы дайындауға жетеледі», - деді министр.
Сүлейменов Іс-шаралар жоспарына сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 2017 жылғы 1 маусымға дейін ауылдық округтердегі жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің тіркелмеген нысандарын анықтауға, ал 2017 жылғы 31 желтоқсанға дейін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен деректер базасының толық дайындығын тексеруге, оларды өзектендіруге тапсырма берілгенін мәлім етті.
Бұдан басқа, ауылдық округтер әкімдері аппаратын интернет байланысымен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін интернет-провайдерлермен кездесу өткізілген. «Іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 2017 жылғы 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде ауылдық округтер әкімдерінің аппаратын қажетті жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді», - деді Сүлейменов.
Ол бюджетпен және коммуналдық мүлікпен жұмыс жүргізу үшін жоғары немесе ортадан кейінгі білімі бар экономикалық, қаржылық және бухгалтер мамандары қажет болатынын атап айтты.
«1066 ауылдық округта экономикалық, қаржылық және бухгалтерлік білімі бар штаттағы қызметкерлердің жалпы саны 2297 бірлікті құрайды. Бұдан басқа, аталған ауылдық округтерде заңгерлік білімі бар 1093 штаттық қызметкер бар. Бұл жергілікті жерлердегі жеткілікті кадрлық әлеуетті көрсетеді», - деді Сүлейменов.
Мұнан бөлек іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға жыл аяғына дейін ауылдық округтер әкімдерінің аппаратын сәйкес білімі бар штаттық бухгалтерлермен және заңгерлермен қамтамасыз ету тапсырылған.
Сүлейменов сондай-ақ, бюджеттік үдерістер мен коммуналдық мүлікті басқару бойынша арнайы оқыту ұйымдастырылғанын еске салды.
Министрдің мәліметі бойынша, 16 ауылдық округ компьютер құралдарымен қамтамасыз етілмеген. Облыс әкімдіктеріне 2017 жылғы 1 қарашаға дейін бұл мәселені шешу тапсырылды.
Сүлейменов «Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарау аясында барлық даулы түзетулер шешілгенін, мемлекеттік органдардың 29 заңға қосымша актілер жобасын әзірлегенін баса айтты.
«Бюджет пен коммуналдық меншіктің IV деңгейін уақытылы және сапалы енгізу жөніндегі барлық шаралар Іс-шаралар жоспарында белгіленген мерзімде қабылданатын болады», - деді Сүлейменов.